ШҚО-да өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан 23 адам көз жұмған

253
көрілім
Фотосурет ШҚО ТЖД

Бұл туралы Өскеменде өткен брифинг кезінде облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жылу беру кезеңінің қорытындысына сәйкес, департамент өкілдері өрт қауіпсіздігін сақтамау жағдайлары жиілеп тұрғанын алға тартты. Өңір көлемінде жылыту маусымында тұрғын үй секторындағы өрттер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға артқан көрінеді. Бұл жағдайда 23 адам ажал құшып, 7 адам жарақат алған.
- Өрт жағдайларының айтарлықтай үлесі жер үйлерде (137 өрт оқиғасы) тіркелді. Оның негізгі себептері: мас күйінде төсекте жатып темекі шегу, электр жабдықтарын монтаждау, пештерді орнату және отты пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, сондай-ақ  балалардың отпен ойнауы. Өрт және көмірқышқыл газынан улану жағдайларын алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері 50 913 түрлі бұзушылықты анықтады, - делінген мәліметте.
Әлеуметтік  осал топқа жататын 3574 отбасының үйлеріндегі пеші ерекше бақылауға алынғаны белгілі болды.
- Құтқарушылар мұнда көмірқышқыл газын анықтау құрылғыларын орнатқан. 2023-2024 жылдардағы жылу беру кезеңінде бұл құрылғының жұмыс істеп, дабыл қаққан жағдайы Катонқарағай ауданына қарасты Жұлдыз ауылында тіркелген. Нәтижесінде 6 адам, оның ішінде 5 бала аман қалды, - деді жауапты тұлғалар.
Қазіргі уақытта аймақ бойынша 526 үйде өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылса да, тұрғындар от жағып отырған көрінеді. Оның бір себебі, әлеуметтік тұрмыс деңгейінің төмендігі мен қаржының тапшылығы.