Бородулиха ауданында өртенген бесқабатты тұрғын үйден 25 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Кеше кешкісін Жезкент кентінде көпқабатты үйлердің бірінде өрт тұтанған.
— Ол үйде 47 жасар III топтағы мүгедек адам тұрады. Үй иесі өрттің балалар бөлмесінде шыққанын байқап өз күшімен сөндіруге тырысқан, алайда онысынан ештеңе шықпаған, - деп хабарлады ШҚО ТЖД, - Өрт шыққан үйдің көршісі Руслан Ниязов есімді азамат зардап шегушіге пәтерден шығуына көмектескен.
Лаулаған оттан бесінші қабаттың тұрғындары әбігерге түсіп, сыртқа шыға алмай қалған. Көмекке өрт сөндірушілер мен шекара қызметкерлері келіп жеткен.
— Арнайы сатының арқасында бесінші қабаттан бірнеше әйел адамды құтқарып, өздігінен қозғала алмайтын қарт әжейді құтқару белдіктері көмегімен төртінші қабатқа түсіруге тура келді. Ал балаларды көрпеге орап алып шыққан, – дейді 52-інші Өрт сөндіру бөлімінің басшысы Қайрат Төлеуғазин.
Жалпы саны 25 адам эвакуацияланып, 8 адам оқиға орнында құтқарылды. Өрттің шығу себебі – электр жабдықтарын пайдалану және монтаждау кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағандықтан екендігі анықталды.