ШҚО-да өрт сөндірушілер тілсіз жауды қармен ауыздықтаған

413
көрілім

29 қаңтар күні сағат 14.37 шамасында Бесқарағай ауданындағы өрт сөндіру қызметіне Қарабас ауылында үй өртеніп жатыр деген ақпарат келіп түсті. Өрт сөндірушілер аталған ауылға жаяу жетіп, өртті қармен сөндіруге мәжбүр болған, деп хабарлады Buqara.kz тілшісі.

Өрт сөндірушілер дереу оқиға орнына бет алды. Алайда қалың қар мен бұрқасын жел кезінде жеке секторға баратын жол жабылып қалғандықтан, өрт сөндіру көлігі жанып жатқан үйге жете алмаған. Бірақ өрт сөндірушілер еш кідірместен оқиға орнына жаяу жетті.

Олар 2,5 шақырымды артқа тастап келген сәтте ағаштан салынған үй толығымен жанып кеткен. Жанында тұрған шаруашылық құрлыстарына шарпыған жалынды сөндіру керек болды. Тілсіз жауды қармен сөндіруге тура келген.

Өрт сөндіру көлігі оқиға орнына жергілікті кәсіпкердің техникасымен жол тазаланғаннан кейін 2 сағаттан соң ғана жете алды. Тілсіз жау кешкі сағат 20.00 шамасында ауыздықталды. Жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ.

- 18 жыл қызмет ету кезінде осындай оқиға алғаш рет болып тұр. Өрт орнына жаяу қалың қарды омбылап жетіп, өртті қармен өшіргеніміз өмір бойына есте қалатын шығар. Үй толығымен ағаштан салынған, лакпен өңделіпті, сондықтан да болар тез арада жанып кеткен, - дейді бөлімше командирі Игорь Кизь.

Мамандар өрттің шығу себебі – жылыту пешін пайдалану және салу кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу деген болжамды қарастыруда.