Облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен «Жаңа климаттық жағдайдағы өсімдік шаруашылығы» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Өңірдің ауылшаруашылық тауарын өндірушілері мен тиісті сала мамандары қатысқан жиын ашық диалог түрінде өрбіді.
Климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығы іс-шараларын өткізудің ерекшеліктері жайлы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің бас директоры Фарид Абитаев баяндады. Ол ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге ауыспалы егісті қайта қарау, сондай-ақ көктемгі және жазғы кезеңге арналған дақылдарды ылғалмен қамтамасыз ету бойынша ұтымды ұсыныстар айтты.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры егіс және егін жинау науқанына лизингке ауыл шаруашылығы техникасын қайдан және қандай шарттармен алуға болатындығы туралы ақпарат берді.
Облыстағы фитосанитариялық жағдай туралы Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының басшысы Мәди Бектеміров хабардар етті. Орталық басшысы зиянды және аса қауіпті жәндіктердің таралуы бойынша биылға арналған болжамын, сондай-ақ олардың таралуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан нақты шаралар туралы айтты.
Ал «Қазақстандық аграрлық сараптама» АҚ облыстық филиалының директоры Наталья Губарева ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымының сапасы, тұқымның сапасына талдау жүргізу, сондай-ақ жазғы кезеңде егінге сынама жүргізу қажеттілігі жайлы баса айтты.
Жиында аудан-қала әкімдіктерінің өкілдері мен ауылшаруашылық тауарын өндірушілер тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап берілді.
Дереккөз: Altainews.kz