Катонқарағай ауданы мен Зырян қаласына және осы бағыттағы барлық тұрғылықты өңірлерге апаратын жаңа жол осы уақытқа дейін қауіпті жол бөлігі болып саналып келген Осинов асуын айналып өтпек, деп хабарлады Бұқара.кз сайтының тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жайлы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен кезекті отырыс барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚОФ директоры Нұрланбек Өмірбаев мәлімдеді.
– Қазірде жердің құнарлы бөлігі алынып, жол құрылысына дайындық жұмыстары басталып кетті. Толыққанды құрылыс жұмыстары шілде айында басталмақ. Сонымен қатар, 2017 жылы үш жылға жоспарланған Алматы-Өскемен, Омбы – Майқапшағай тас жолдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Нұрланбек Өмірбаев.
Аймақта бүгінгі күні республикалық маңызы бар жолдар да жөндеуден өтіп қана қоймай, қосымша жабдықтар да орнатылмақ. Атап айтсақ, жолдың қауіпті бөлігінде жүргізушінің назарын аулау үшін дыбыс жолақтарын және жарық диодты жол белгілерін орнату жаспарланған.
Өз кезегінде облыс әкімі Даниал Ахметов жалпы жұмыс барысына оң бағасын бере отырып, жөндеу жұмыстары барысындағы мәселелерді назардан тыс қалдырмауды тапсырды.