Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада «Бақытты отбасы» жобасы қорытындыланып, отбасы және неке, айырылысу және күнделікті тұрмыста орын алатын жайттардың пайда болу себебі талқыланды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Маусым айынан бері жалғасын тауып келе жатқан жоба барысында Отбасы соты кезінде отбасын ресурстық қолдау орталығы ашылып, қызметіне кірісіп кеткен. «Бақытты отбасы» ресурстық орталығының басшысы Нәзигүл Ахметқалиеваның айтуынша, жобаның басты мақсаты – еліміздегі ерлі-зайыптылар арасындағы ажырасуды азайтып, олардың асығыс шешім шығаруларына тосқауыл қою. Келтірілген деректерге сенсек, маусым айынан бері Отбасын ресурстық қолдау орталығына ұзын-саны 579 адам өтініш беріп, оның ішінде 149 ерлі-зайыпты қайта татуласқан. Одан бөлек, осындай бұйымтаймен келгендер арасындағы ең жасы – 20-да, ал егде тартқаны – 66-да екен. Мамандардың айтуынша, аталмыш орталыққа ат құйрығын кесісуге асыққан бұрымдылар жиі атбасын бұрады.
– Елімізде ата-аналар мен балалардың құқығын қорғау жөніндегі саясаттың болмауы – осындай келеңсіз жайтқа себепкер. Мұндай жайттардың алдын алу үшін біз қалалық әкімдікпен келісе отырып, колледж және университет студенттерімен жүздесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Бір қуантарлығы, қазіргі қоғам жастары осындай түсіндіру жұмыстарына немкеттілік танытпай, жан-жақты пікірлерін білдіруде, – дейді Нәзигүл Маташқызы.
Ал білікті психолог Нәзигүл Таубақұлованың сөзіне сүйенсек, ерлі-зайыптылардың шаңырағы шайқалып, ажырсуға дейін барулары бауыр еті баласының психологиясына едәуір кері әсерін тигізеді. Тіпті кейбіреулеріне «Баланың өмірін ойладыңыздар ма?» деп сауал қойса, көздеріне жас алып, бір сәт ойға шомып кетеді-міс. Ең сорақысы, ресурстық қолдау орталығына несие төлей алмай, құмар ойынға салынып, қала берді ғаламтор арқылы танысып, ара-қатынастары бұзылғандар келеді. Ал орталық мамандары ерлі-зайыптылардың жіті ойланып, «кейін татуласып кетер» деген ниетпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуден еш жалықпайды.
Әділхан ЕСІМХАНОВ