Өскемендегі онкологиялық орталықта тоқ ішек обырының алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатты өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Көпсалалы онкология және хирургия орталығында ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының штатынан тыс бас онкологы, медицина ғылымдарының кандидаты Гүлмира Сағидулинаның қатысуымен тоқ ішек обырының алдын алу, диагностикалау және емдеу тақырыбы сөз етілді.
Тоқ ішек обыры Қазақстандағы жетекші онкологиялық патологияның бірі. Елімізде жыл сайын 3 мыңнан астам жаңа жағдай тіркеледі. Бұл дерт көбінесе 50-ден асқандарда анықталды.
- ШҚО-да скринингтік бағдарламалардың және «Жасыл дәліз» жобасының арқасында ішек ісігі патологиясының көпшілігі бастапқы кезеңдерде белгілі болды. 2023 жылы қатерлі ісіктің 245 жағдайының 70%-ға жуығы бастапқы кезеңдерде анықталған. Біз үшін бұл өте маңызды, өйткені алдағы уақытқа үлкен сенімділікпен жоспар құра аламыз, - деді Гүлмира Сагидуллина.
2008 жылдан бері Қазақстанда ұлттық скринингтік бағдарлама іске қосылған. Ол қатерлі ісікті ерте диагностикалауға мүмкіндік береді.
Скрининг тұрғылықты мекен-жайдағы емханада 2 жылда 1 рет жүргізіледі. 50-70 жас аралағындағы ерлер мен әйелдер қаралады. 2023 жылдың 12 айында колоректальды обырмен шалдыққан 49 628 ерлер мен әйелдер скринингтен өтіп, 32 жаңа ісіктің диагнозы анықталған.
Айта кету керек, онкологиялық диспансер мамандары аш ішек, тоқ ішек, тік ішек, анальды канал ауруларына отаның барлық түрін, соның ішінде аз инвазивті-лапароскопиялық және эндоскопиялық ота жасайды.
30 наурызда сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Шығыс Қазақстан көпсалалы онкология және хирургия орталығында ішек және әйел жыныс мүшелерінің қатерлі ісіктерінің алдын алу және ерте анықтау бойынша Ашық есік күні өтеді. Келушілер терапевттің жолдамасыз МСЖ-не қарамастан онкологтардан кеңес ала алады.
Валентина ГЕОРГИЕВНА