ШҚО-да пара алған шекарашы ірі көлемде айыппұл төлейтін болды

577
көрілім
Семей гарнизоны әскери сотында пара алғаны үшін шекарашы заңға тартылды. Сотталушы тауарды тиісті құжаттарсыз өткізіп бергені үшін бірнеше рет ақша алған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ҚР Әскери сотының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сотталушы ҚР ҰҚК ШҚ 2098 әскери бөлімнің «Қоянбай» шекаралық бақылауында нұсқаушы болған. Айыпталушы өзінің қызметін пайдаланып, автокөлікті тиісінше тексеріп қарамай, тасымалданып жатқан алкогольдік өнімдерді тиісті құжаттарсыз өткізген. Тауарды өткізіп беру және қамқоршылық жасағаны үшін бірнеше рет азамат «М»-дан 5000 теңге ақшалай түрде пара алған. Сонымен қатар, сотталушы қызметін пайдаланып, өзінің сенімді адамы шекаралық бақылауындағы бөлім сержантынан «М» берген ақшалай түрдегі 10000 теңге параны алған.

Сотта сотталушы өзінің кінәсін толығымен мойындап, жасалған процестік келісімді қолдады. Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК-нің 366-бабы 3-бөлімі 4-тармағында қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде 1 050 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік органдардағы қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енді.

Мейрамбек Қосажан