ШҚО-да павлодарлық суретшілердің көрмесі ашылды

627
көрілім

Кеше Шығыс Қазақстан өнер музейінде Павлодар облысының жас суретшілерінің қолынан шыққан «Қасиетті жерлерге саяхат» атты сурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Көрменің ашылу салтанатында сөз тізгінін ұстаған Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева бұл шараның екі жақ үшін де маңызы зор екенін атап өтті. Бір ел, бір тарих жалпы алаштың ортақ мүдесі емес пе?! Көрмеге суретшілердің 40-қа жуық туындылары қойылды.

– «Киелі жерлерге саяхат» Арт–жобасы Павлодар облысының аумағында аса маңызды киелі объектілерді кешенді бейнелеуге мүмкіндік береді. Мұндай жерлердің тізіміне енген табиғи-ландшафтық нысандар, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ерекше қорғауға алынған діни мағыналы жерлер тарихи қайраткерлер және нақты саяси оқиғалармен байланысты, – дейді Павлодар облыстық көркемсурет музейінің маманы Қабылда Әлібек.

Бұл көрме керуенінің Шығысқа ат басын бұруы да тегін емес. Павлодар облысының қойнауында жатқан тарихи жәдігерлерді облыс тұрғындарына таныстыру. Осы орайда қенеп бетіне салынған «Кемпір тас» суретіне қарап, тарихи аңызға құлақ түрдік.

Баянауыл жері топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, суы тұнық болғандақтан осы өңірде асыл тұқымды жылқылар өсіріліпті. Жерұйықта жылқылар жыра салып семіріпті. Уақыт өте келе күн аралатып бір-екі жылқыдан жоғалып отырса керек. Жылқышылар малдарын түнімен күзетсе де ертеңінде тағы бір жылқы жоқ болып шығады. Айдалада өздерінен басқа тірі пенденің ізі түспеген өңірде жылқылардың жоғалуы олардың көңіліне күдік ұялатады. Ит-құстың азуында кетсе сүйек-саяғы, жал құйрығы қалар еді. Өкінішке қарай, жылқылар із-түссіз жоғала береді. Ақыры бір жылқышы жылқыларды түнімен күзетуге бел байлайлы. Ұйықтап қалмас үшін өзінің қолын кесіп күзетке аттанады. Ай сүттей жарық. Жылқылар анадайда шалғын шөпті күрт-күрт жұлады. Кесілген қол солқылдатып жігітке тыныштық берсін бе? Мазасы кетіп отырғанда кенет аттар пысқырына оқыранып құлақтарын қайшылап үдірейе қалады. Осы сәтте арқан бойы жерден қара жерді жарып жалмауыз кемпір шығып, бір жылқыны өзімен бірге жер қойнына алып кетеді. Бұл ғажайыпты көріп қауқарсыз қалған жігіт үйіне қайтып келіп, болған жәйді жылқышыларға баяндап береді. Ертеңінде жігіттер бірігіп қару-жарағын сайлап күзетке шығады. Дәл кешегі уақыт болғанда жалмауыз жер бетіне шығып азығына ауыз сала бермекші болғанда жігіттер ұран салып оған қарай тұра шабады. Ай жарығында қиян-кескі шайқас болады. Таң ағара бере кемпір жеңілуге таяғанда жер қойнына кіріп кеткенде басы сыртта қалып қойыпты. Содан бастап бұл жартас «Кемпір тас» аталыпты. Үлкендердің айтуынша, бұл жерге тек таза ниетпен ғана бару керек екен. Әйтпесе жамандық қайта оянады деген аңыз бар.

Көрме 2019 жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Таунар ҚАЙРАТ