Биылғы жылдың 7 айында Шығыс Қазақстан облысының аумағында 2570 пәтер тонау қылмысы тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 13%-ға артып отыр. Қаннен-қаперсіз жатқанда дүние-мүлкінен айырылып қалған кейбір аймақ тұрғындарының айтуынша, полиция қызметкерлері қылмыскерлерді анықтауда дәрменсіздік танытуда. Ал ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оңай пайдаға кенелмек болып пәтер тонағандардың ізі суымай ұсталған фактілері де ауыз толтырып айтарлықтай, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
«Жабулы қазан күйінде» қалған
– Осыдан бірнеше жыл бұрын белгісіз біреулер Жібек Маталар Комбинаты шағын ауданындағы пәтерімді тонап кетті, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Айтмұхамбет Жолбарысов (аты-жөні өзгертілген). – Есіктің құлыбын бұзып кірген олар қымбат бағалы киім-кешектер мен көлік алуға жинастырып жүрген 500 мың теңге ақшамды қолды қылған. «Алыстан жау шаппайды» демекші, жақын араласып жүрген біреулер болуы керек, себебі тонаушылар 3 бөлмелі пәтердің тек ақша сақталған бөлмесін астан-кестең етіп кеткен екен. Қалған бөлмелерге ұры аяғы кірмеген. Бірден полиция қызметкерлеріне қоңырау шалып, бар мән-жайды бүге-шүгесіне дейін баяндап бердік. Осыдан соң бірнеше ай ішінде тәртіп сақшылары үйге келіп, тергеу жұмыстарына қажетті сауалдар қойып жүрді, алайда пәтер тонағандар сол күйі ұсталмай, бұл оқиға жабулы қазан күйінде қалды. Бұдан соң сырты есікті ауыстырып, пәтерде ақша қалдырмайтын болдық.
Оның айтуынша, қылмыс түскі уақытта орын алған. Пәтер иесі тонаушыларды отбасы мүшелерінің осындай уақытта үйде болмайтындығынан хабардар болған адамдар деп топшылауда.
– Мирный ауылындағы жеке тұрғын үйде тұрамыз, – дейді облыс орталығының тұрғыны Гүлжанат Қабдырова (аты-жөні өзгертілген). – Өзім жесір әйелмін. Үйде ұлым, келінім және екі немерем бар. Бір күні балаларым қала шетіне демалуға кетті. Мен сол күні әдеттегідей азаннан кешке дейін жұмыс басында болдым. Кешкісін еш алаңсыз үйге келсем, сыртқы есік тұсындағы терезе сынып қалыпты. Жүрегім қобалжып, ішке кірсем, бөлменің астан-кестеңі шығып жатыр. Біреулер терезе арқылы үйге кіріп, 1 миллионнан артық жиған-терген ақшамыз бен бағалы әшекейлерімді үптеп кетіпті. Ақша іздеп аласұрған ұрылар барлық жиһаздарды тілгілеп тастаған. Қорқынышты түс көргендей бір орында сілейіп тұрып қалдым. Полиция қызметкерлерін шақырып, барлығын баян еттім. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін бұл ұрлықтың ашылуы аяғына жем түскен аттай ақсап тұр. Ұрылар емін-еркін бостандықта тайраңдауда. Ал олардың осындай заңсыздықтарын тағы бір мәрте қайталамайтынына кім кепіл?!
2 мыңға жуық адам сотталды
Өңірімізде 2017 жылдың 7 айындағы көрсеткіш бойынша 2570 пәтер тонау фактісі тіркеліпті. Өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде 2245 пәтер тонау орын алған. Ағымдағы жылы қылмыстардың ашылуы – 74,4%-ды, 2016 жылы – 71,7%-ды құраған.
– Ұрлық, оның ішінде пәтер ұрлығын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабымен қарастырылған, – дейді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев. – 2017 жылдың басынан бастап Шығыс Қазақстан облысы бойынша пәтер ұрлығы қылмысын жасаған 1952 тұлға сотталды.
Бақытжан Құмарбекұлының сөзіне сүйенсек, пәтер тонау және басқа да бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстарына жол бермеу мақсатында криминалдық полиция қызметкерлері аймақтарды, сондай-ақ ұқсас фактілер бойынша бұрын сотталған тұлғаларды, ұрланған заттарды өткізу мүмкіндігі бар орындарды тұрақты негізде бақылап, тексеріп тұрады.
– Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып жұртшылық арасында әр тоқсан сайын жиын өткізіледі, – дейді ол. – Жиындарда дабылқаққыш және бейнежазба құрылғыларын орнату мәселелері жиі көтеріледі.
Біздің анықтама
ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-бөлімі – ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3-бөлімі – ірі мөлшерде жасалған ұрлық – мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.