Жауапты тұлғалар Жаңа жыл мейрамы алдында әралуан отшашуларды қай нүктелерден сатып алуға болатынын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскемен қалалық Полиция басқармасы азаматтық және қызметтік қару-жарақ айналымын бақылау тобының инспекторы Айдар Манженовтың айтуынша, пиротехниканы сатуға арнайы рұқсат пен сертификат қажет.
– Облыс орталығында арнайы рұқсатқа ие екі сауда нүктесі бар. Бірі – «Доснар» базарының аумағында, екіншісі «Арзан» дүкенінде. Ол жерлерде тиісті сертификаттары бар және контейнермен жабдықталған. Тұрғындар мен қала қонақтарына отшашуларды осы аталған дүкендерден алуларына кеңес береміз, – дейді ол.
Белгілі болғандай, пиротехникаларды былайғы жеке кәсіпкерлерден сатып алған жағдайда одан зардап шегушілер саны да артады. Себебі, арзанқол отшашулардың сапасы төмен болады әрі талапқа сай келмейді. Енді арнайы рейдтер де ұйымдастырылмақ. Айдар Манженовтың сөзінше, мұндай рейдтер желтоқсанның 17-нен қаңтардың 3-не дейін жалғаспақ. Ал сертификаты жоқ бола тұра пиротехника саудалаған алыпсатарлар анықталса, оларға айыппұл салынып, тиісті жазаға қолданылады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ