ШҚО-да полицейлер, дәрігерлер мен әскерилер оқу-жаттығу өткізді

387
көрілім
Шартты фотосурет

Аймақ басшысы Даниал Ахметов пен облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев құзырлы органдардың карантинге дайындығын тексерді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шара барысында Өскемен және Семей қалаларының кіре берісіне блок-бекет орнатылды. Оқу-жаттығуға полиция қызметкерлері, әскерилер, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары қатысқан.

– Өңірде карантин енгізілген жағдайда елді мекендерге кірер және шығар жерлерде блок-бекеттер қойылып, онда осы органдардың қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Мұндай шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, вирустық инфекцияның таралуын тежейді. Көлік жүргізушілері мен жолаушыларға карантин кезіндегі тұрғындардың міндеттері туралы түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінеді, – деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқу-жаттығу кезінде жол-патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілердің құжаттарын планшетпен электронды база арқылы қалай тексеретіндерін көрсетті. Сондай-ақ Өскемен мен Семей қалаларының Полиция басқармалары жекелеген аумақта карантин режимін енгізудегі дайындықтарын пысықтады.

– Шараның мақсаты – жауапты органдардың қызметкерлері мен құрал-жабдықтардың әзірлігін тексеру. Карантин енгізілген жағдайда халыққа қажеттінің бәрі бар: жеке гигиена құралдары, палаткалар, турникеттер және қажет болған жағдайда басқа да арнайы құралдар дайын, – дейді департамент бастығы Сағат Мәдиев.