Маусым айының 15-і күні түнгі сағат 00:05-те Зайсан аудандық полиция бөлімінің «102» жедел арнасына Зайсан ауданы Сартерек ауылдық округіне қарасты «Қызыл» жер телімінде кәмелеттік жасқа толмаған 11 жастағы баланың жайылымға кеткен малдың алдынан шығамын деп белгісіз бағытта жоғалып кеткені жайлы хабарлама түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шұғыл түрде оқиға орнына шыққан Зайсан аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы түнгі уақытқа және жер уческесінің таулы аймақта орналасқанына қарамастан, қол шамдарының (фонарь) көмегімен жақын аумақ пен тау- шатқалдарды мұқият тінтіп, 4 сағат жүргізілген іздеу нәтижесінде баланы тауып, туған-туыстарына аман-есен жеткізген. Бала Қапшағай қаласынан Зайсанда тұратын туған-туысқандарына қонаққа келген екен.
- Оқиға болған күні кәмелеттік жасқа толмаған бала туыстарымен бірге Зайсан қаласынан 150 шақырым жерде орналасқан «Қызыл» жер телімідегі жайлауға малды көшірген. Баланың туған-туыстары жеткіншекті аман-есен табылғанына қуанып, іздеу жұмыстарын жедел ұйымдастырып, кәсіби қырағылық танытқаны үшін тәртіп сақшыларына өз алғыстарын жеткізді, - делінген мәліметте.