Жауапты тұлғалар ұзақ іссапарларға, демалысқа, оқуға немесе емделуге кеткендерге қаруын аумақтық ішкі істер органына уақытша сақтауға тапсыруға болатынын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Департамент өкілдері «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» ҚР Заңына сәйкес тіркелген қаруды сақтау қатаң түрде қару иесінің тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылатынын еске салады.
- Бұл ретте еденге немесе қабырғаға мықтап бекітілген, қабырғаларының қалыңдығы 3 мм-ден кем емес және есікке міндетті ішкі құлпы бар металл сейфте сақталады. Әкімшілік бағыныстағы қалалар мен кенттерде қару иесінің тұрғылықты орны (пәтер, жеке үй) бойынша сертификатталған күзет жабдықтарымен (дабыл белгісін иесінің немесе оның отбасы мүшелерінің ұялы телефонына беру мүмкіндігі бар сигнализация) жабдықталады. Осыған байланысты, Полиция департаменті егер сіз кенеттен ұзақ іссапарларға, демалысқа, оқуға немесе емделуге кететін болсаңыз, қаруыңызды аумақтық ішкі істер органына уақытша сақтауға тапсыруға болатынын ескертеді, - делінген мәліметте.
Бұл жағдайда қаруды ІІО-ға уақытша сақтауға тапсыру рәсімі белгіленген үлгідегі өтінішті толтырып, оның сақталу мерзімін көрсетеді (шектеусіз мерзім, қызмет тегін).
- Одан кейін полиция қызметкері сіздің қатысуыңызбен қаруыңызды тексереді, содан кейін қаруға арналған қаптамаңызда сақтау камерасына тапсырады. Кейін сіз үшін кез келген ыңғайлы уақытта, тиісінше, қайта толтырылған өтініш бойынша қаруыңыз қайтарылады. Полиция департаменті тұрғын үйлердің қабырғаларына қару-жарақты іліп қоюға, қаруды ашық, қапталмаған түрде алып жүруге және тасымалдауға, сондай-ақ қаруды басқа адамға беруге жол берілмейтінін еске салады, - делінген мәліметте.
ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабының 1-бөлігіне сәйкес (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу тәртібін бұзғаны үшін) 10 АЕК әкімшілік айыппұлды 7 күн ішінде төлеген жағдайда 5 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жазаға әкеп соғады. Жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық үшін 20 АЕК айыппұл салынады.