Глубокое ауданының тасжолында табылған бірнеше жерден жараланған ер адам ауруханада қаза болды. Полиция қызметкерлері марқұмды көлік қағып кетті деген шешімге келіп отыр, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің хабарлауынша, өткен демалыс күндері Верхнеберезовский кенті мен Предгорное ауылы арасындағы тасжолда бірнеше жерден жарақат алған ер адам табылған.
- Болжам бойынша, оны көлік қағып кетті. Ер адам орталық аудандық ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. - Жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
16 желтоқсан күні сағат 18.00 шамасында ауыр жараланған науқас Глубокое ауданындық орталық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жеткізілген. Жағдайы ауыр жәбірленуші жансақтау бөлімінде жатқызылды. Бүгін таңертең ер адам көз жұмды.
Аудандық Полиция бөлімі жол-көлік оқиғасы туралы куәгерлер болса 102 желісіне хабарласуларын өтінеді.