Таң алакеуімденіп, асүй, аула, малқора жақ тірлігін біржақты етіп, «олар» велосипедтеріне мінеді. Мейлі, таң атпай демейік, түс ауа ауыл ішін араулары мүмкін. Қос дөңгелегі бар «темір тұлпардың» жай күйі бізге беймәлім. Бәлкім, сона-а-у жылдардан бері келе жатыр, әлде расымен де мекеме тарапынан беріліп отыр. Әр үйді аралап, жүгірген төрт аяқты үй күзетшілерінен сытылып шығып, өңір тынысынан хабар беретін газет-журналдарды қашаға қыстырады да әрі қарай кетеді. Иә, бұл мақалада аудандар мен өңірлерден келетін басылымдарды діттеген жеріне дер кезінде жеткізуге тырысатын пошта таратушылар жайында айтылмақ. Бұл ретте жауапты тұлғаның пікірін алып, мәселенің мән-жайына үңіліп көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаяу-жалпы аралайтындар да бар
Кейде пошта қызметкерлерінің жұмысын сынап-мінеп, хат-хабар жеткізуде сылбырлық танытады деп сан түрлі пікір айтатындар легі көбейіп кетеді. Дегенмен пәрмен берілсе болды, жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен тындыратын олардың қолында ел күткендей билік жоқтығын ескере кеткен жөн. Бәлкім, өз ісіне немкетті қарайтын пошташылар да бар шығар, әйтсе де олардың барлығы өздеріне тиесілі құралдармен жабдықталған деуге келмес. Газет редакциясына бірнеше ауданнан хабарласқан пошта қызметкерлері арнайы киімнің, велосипедтің берілмейтіндігіне шағым айтқан болатын. Оған қоса, алып отырған айлықтары да мардымсыз көрінеді. Бірі – 11 жыл, бірі – екі, ал тағы бірі алты жылға жуық уақыт өтсе де өздері велосипед тауып газет таратып жүргендіктерін жеткізді.
– Жұмысымызды міндетсінгеніміз емес, тек пошташы ретінде бізге тиесілі велосипед берілсе дейміз. Жаяу-жалпы аралау қиынға түседі, ауылдың бір шетінен келесі шетіне бару діңкеңді құртады. Кейде бала-шаға келіп қалса солар көлігіне отырғызып алып, үйді-үйге таратып келеміз. Алатын айлығымыз шайлығымызға да жетпейді, – дейді Нұрлан Өтешов (аты-жөндері өзгертілген) есімді пошта қызметкері.
Айтуынша, қолына тиетіні 18 мың теңге. Ел көлемінде ең төменгі жалақының 42500 теңге болып бекітілгенін ескерсек, мана айтылған айлық соның жартысына да жетпейді. Бұл бір мысал. Ал Әсем Өкенованың сөзінше, ай сайын 13 мың теңге еңбекақы алады. Аптасына бір рет газет таратқанның өзінде, мұны жалақы деп айтуға да ауыз бармайды. Бұл жөнінде «Қазпошта» акционерлік қоғамы ШҚО филиалының директоры Гүлжан Рахимбаеваның ойын біліп көрдік.
20 мыңға жетпейтін айлық
– Филиал пошташыларды формалық киіммен және жеткізу құралдарымен (сөмкелер, арбалар, велосипедтер) қамтамасыз етуге жауап береді. Жекеменшік секторда қызмет көрсететін пошташылар газет, журнал және жазбаша хат-хабарларды уақтылы жеткізу үшін велосипедтпен қамтамасыз етілген. Өңір бойынша пошташыларға 170 велосипед бөлінген, – дейді ол.
Алайда айлық деуге ауыз бармайтын соманы айтпағанда, велосипедтері мүлде ауыстырылмаған қызметкерлер де бар екен. Яғни күні бүгінге дейін өзінің алдында жұмыс істеген пошташының тозығы жеткен қос дөңгелекті «темір тұлпарын» теуіп келеді. Айтуынша, тозығы жеткен велосипед. Бұл жерде сапалы жұмыс істеу үшін тиісті жағдай жасалмаған қызметкерлер өтініші бойынша жазылуда. Мүмкін бөлінген 170 велосипедтің бәрін болмаса да біршамасына қол жеткізген жандар бар шығар, ол тұрғыда еш күмән жоқ. Дегенмен тіпті 20 мыңға жетпейтін айлық алатындар аспаннан алып адам айтса сенгісіз ақпарат береді деу қиын.
– Пошташылардың қауіпсіздігі мен еңбегін бақылауда ұстап, иттерден өзін-өзі қорғау үшін филиал басшылығы ысқырғыш, газ баллондар, аяқ киімнің табанына киетін төсеушелер сатып алды. Жылына екі рет жаздық және қыстық аяқ киімдер алуға ақша бөлінсе, екі жылда бір рет пошташыларға сыртқы киім беріледі, – деген Гүлжан Оралбекқызының бұл пікіріне келіспейтіндер қарасы көп болары белгілі.
Мүлде бейхабар
Сенесіздер ме, ысқырғыш, мана айтылған газ баллон сынды құралдар туралы мүлде естімеген пошташылар да бар. Қабаған ит қауып алса да қолындағысын қашаға қыстырып кете береді. Жауапты тұлғалар «Қазпошта» АҚ барлық қызметкерлеріне босануына байланысты 20 АЕК, жақын туыстарының қайтыс болуына байланысты 15 АЕК көлемінде біржолғы материалдық көмек төленіп, санаторий-курорттық емделуге, қызметкерлердің балаларына демалыс лагерьлеріне жолдамалар бөлінетіндігін жеткізді. Ал Жаңа жыл қарсаңында пошташылардың 12 жасқа дейінгі балаларына сыйлықтар табыс етіледі-міс. Егер осы айтылғандардың бәрі шындық болса, онда осы жұмысқа келгендердің арманы жоқ деуге болар еді. Әйтсе де мұндай жеңілдікке ие болған пошташылар әзірге жоқтың қасы. Әлде қала типтес кенттер мен қалалардың өздерінде бола ма мұндай жайттар? Мына бір жауапқа зер салып, сенер-сенбесімізді білмедік.
– 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ШҚО филиалы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 96 мың теңгені құрады. 1 мамырдан бастап индексациялау жүргізіліп, қызметкерлердің жалақысы 10%-ға өсті. Мәселен пошташының ең төменгі жалақысы 53 мың теңге көлемінде белгіленді. Одан басқа үстемақы түрінде айына 15%-дан 33%-ға дейін қосымша ынталандыру ақысы төленеді, – дейді филиал басшылығындағылар.
Айтылған ақпараттар аңыз сияқты
Жалпы, 53 мың мен 18 мыңның, 13 мыңның арасында ауыз толтырып айтарлық айырмашылық бар. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшерінен асып тұр, десе де межелі жерге жеткенше соның үштен бірі ғана қалатыны өкінішті. Қазір өңір бойынша 1539 пошта қызметкері, 270 пошта бөлімшесі жұмыс істеуде. Соның ішінде 528-і пошташы. Десе де хат-хабарлар мен газет-журналдар тарату кезінде бұл да аздық ететін көрінеді. Гүлжан Оралбекқызы қазіргі уақытта осы жұмыста кадр жетіспеушілігі мәселесі барын алға тартты. Бар қызметкерлерге мүмкіндік жасап, шағын ауыл ма, жоқ па, жалақыға келгенде 20 мыңға жетер-жетпес айлықты көтерсе кадр тапшылығы мәселесі бір шешімін табар ма еді. Оларға керегі ынталандыру сыйлықтары мен ысқырғыш емес, жөні түзу велосипед пен күн көріске жетерлік жалақы. Ең әуелі бұл өтініш орындалмаса, онда кадр жетіспеушілігінің болуы да заңдылық сияқты. Дегенмен жылт еткен үміт бардай көрінді.
– Жоғарыда көрсетілген сыйақыларды ескере отырып, пошташының орташа айлық жалақысы 75 мың теңге және одан да жоғары болуы мүмкін. Сондай-ақ еңбек өтіліне байланысты жыл сайын еңбек демалысына бір және екі айлық жалақы мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі және ақылы экологиялық демалыс беріледі. Бұдан бөлек, 50, 55, 60 жас сынды мерейтойлық күндерге орай бір жалақы мөлшерінде сыйақы төленеді, – дейді Гүлжан Рахимбаева.
Берілген ақпараттар қаншалықты шынайы екендігін аптап ыстық пен қолайсыз күн райында газет таситын пошташылар бағамдай жатар. Анығы сол, олардың орташа жалақысы, ысқырғыштар, үстемақы, мерейтойға қатысты төленетін сыйақылар аңыз іспетті. Орташа айлық жалақы 75 мыңға дейін жетуі мүмкін деген тұсқа келгенде тіптен тіл күрмелді. Сонда сұраухат жауабында жазылған сандар мен жасалған мүмкіндіктер қай бөлімдегі қай пошташылар туралы айтылды екен? Не де болса, айтылар сөз айтылды, енді әліптің артын бағайық.