Аймақта пойыз 3 жылқыны қағып кеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың 10 күнінде өңірде пойыздар 41 рет күрт тоқтады. Оның 31-інде малдың теміржолға шығып кетуі себеп болған. Барлық жағдайда Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында мал иелерін анықтау үшін тиісті шараларды қабылдады. Өскемен-1 станциясындағы Желілік полиция бөліміне «Ұлан-Ново-Өскемен» станцияларының аралығында жүк пойызының жылқыларды қағып кеткені туралы хабар түскен. Соның салдарынан 3 жылқы арам өлді. Ал пойыз сол жерде 21 минут тоқтап тұруға мәжбүр болған.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде мал иесі табылды. 37 жастағы ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, - деп хабарлады ведомство өкілдері.