Өңірде психотроптық заттарды сатумен айналысқан наркологиялық емхана қызметкеріне қатысты қылмыстық із қозғалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері нашақорлар мен ішімдікке берілген адамдарды оңалтумен айналысатын жекеменшік емхана қызметкерін қолға түсірді. 26 жастағы ер адам психотроптық заттарды заңсыз сатып, пайда тапқан.
– Күдіктінің көлігін тінту барысында тергеушілер бірқатар препараттарды тапты. Сондай-ақ оның жұмыс орнынан психотроптық заттар тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде, - дейді департамент бастығы, полиция полковнигі Сағат Мадиев.