Өскемен мен Семейде қала тұрғындары ПТР талдауын уақтылы тапсыра алмауда деген ақпараттың таралуына байланысты ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаев қалыптасқан жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлғаның сөзінше, аталған жағдай 2 қараша күні сағат 12.00-ге дейін болған, алайда департаменттің жедел іс-қимылының арқасында мәселе шешімін тауып, талдауларды тапсыру кезегі қысқарған.
– Қазір кезек жоқ, бірақ мұндай жағдайлардың алдын алу үшін зертханаларға материалдарды жинаудың қосымша пункттерін ашуды тапсырдық. Сондай-ақ азаматтарымызды барлық белгіленген санитарлық шараларды сақтауға және талдауды алдын ала 72 сағат ішінде тапсыруға шақырамын, - деді Талғат Тұңғышбаев.
Ертеңнен бастап «Облыстық репродуктивті медицина орталығы» мен «InVitro+» COVID-19-ға тестілеу үшін қосымша материал жинау пункттерін ашады.
Өңір аумағында жалпы қуаты тәулігіне 7000-нан астам зерттеу жүргізетін, барлығы 10 зертхана жұмыс істейді.
Облыс бойынша үдемелі қорытындымен 300 мыңға жуық зерттеу жүргізілді. Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 2000-2200 зерттеу жүргізілуде.