24 маусымнан 30 маусымға дейінгі аралықта репродуктивті денсаулық шараларын арттыру үшін апталық өтеді, - деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын қорғау жағдайларын жасауға қатысты міндеттер Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатты дамыту тұжырымдамасында белгіленген. Аталған апталық аясында кез келген ақпаратты түсіндіру шаралары, денсаулық сақтау орталықтарында ашық есік күндері, жасөспірімдерге арналған тегін медициналық тексерулер мен кеңестер ұйымдастырылады.
- Медициналық орталыққа келген барлық адам, оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандар, жасөспірімдер медициналық тексеруден тегін өте алады. Қыздарда менструалды кезең басталғанда ата-анасы аса сақ болуы керек. Мектеп оқушылары ер жеткен бойда оларға жыныстық қарым-қатынас кезіндегі қауіпсіздік ережелерін ең бірінші ата-анасы түсіндіреді. Біздің орталықта арнайы мамандар ата-аналарға кеңес береді,- деді «Отбасылық амбулатория» ЖДО психологы Бақыт Қамзақызы.
Репродуктивті денсаулық апталығына мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар және медиа тұлғалар қатыса алады.