Шығыс Қазақстанның Риддер қаласындағы жұмыспен қамту саласының мамандары Ресей азаматына атаулы әлеуметтік көмек тағайындап жіберген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Шығыс - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде жемқорлық мәселелері талқыланған болатын. Аталмыш жиында атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде кеткен заңсыздықтар туралы да айтылды.
Мысалы, Ресей азаматы жергілікті мамандардың аңқаулығын пайдаланып, 226,7 мың теңге алып үлгерген. Заңсыздықты арнайы тексеру анықтап отыр. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаевтың сөзіне қарағанда, АӘК тағайындау бойынша Семей қаласы мен Абай, Аягөз, Бесқарағай, Зайсан, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай және Үржар аудандарында заңсыздықтар анықталған.
– Үйдегі еңбекке жарамды адамның мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартқанына қарамастан, көмек тағайындау жайттары тіркеліп жатыр. Отбасы әкімдікпен әлеуметтік келісімшартқа отырмаса да, көмек тағайындау орын алған. Заң бойынша үйдегі ересектер ұсынған жұмыстан бас тартса, көмек тек балаларға ғана берілуі керек. Зайсан, Тарбағатай аудандарында осы шартты ескермей, 225 мың теңгені артық төлеген 5 оқиға тіркелді, – дейді басқарма басшысы.
Ал Риддер қаласында сала мамандары Ресей азаматына да атаулы әлеуметтік көмек тағайындап жіберген.
– Ресей Федерациясының азаматы 226,7 мың теңгені заңсыз алғаны анықталды. Қазір бұл ақшаның бәрі бюджетке қайтарылды. Жалпы анықталған заңсыздықтар бойынша барлығы 1,3 млн теңге қайтарылды, – дейді Ерболат Ошақбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, мұндай заңсыздыққа техникалық қиындықтар себеп болған. – Алғашында атаулы әлеуметтік көмекке үміткерлердің саны өте көп болды. Салдарынан жүйе қайта-қайта істен шығып, шатасу орын алған. Тарбағатай, Зайсан аудандары мен Риддер қаласындағы заңсыз тағайындаулар дер кезінде күшін жойды. Дегенмен, адам факторы болғанын да жасырмаймыз. Жеке сәйкестендіру нөмірін қате теру салдарынан да қателіктер кеткен, - деді ол.
Ерболат Ошақбаев жалған ажырасу арқылы әлеуметтік көмек алғысы келгендердің әрекеті де әшкереленгенін айтады.
– Өскемендік әйел отбасына алимент ретінде 18 мың теңге ғана кіріс кіретінін айтып, өтініш жазған. Учаскелік комиссия ерлі-зайыптылардың іс жүзінде ажыраспағанын анықтап шықты. Көршілері де растаған. Кейін тіпті отағасы айына 600 мың теңге табатыны белгілі болды. Алимент мөлшерін нотариустік келісім арқылы 18 мың теңге деп рәсімдеп, өтініш өткізген. Негізінен жұбайлар шынымен ажырасқан болса, алимент мөлшерін сот анықтау керек еді, – дейді шенеунік.
Жалпы ШҚО бойынша атаулы әлеуметтік төлемдер үшін биыл 7,1 млрд теңге бөлінген. Оның 6,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен алынған.