ШҚО-да салық заңнамасы тақырыбында екі күнге жалғасқан семинар өтті

181
көрілім

Заңнамаға енгізіліп жатқан жаңа өзгерістерді халыққа жеткізу үшін Мемлекеттік кірістер департаменті облыс тұрғындармен кездесіп, семинар өткізді. Шара екі ауданда өтті. Алдымен Алтай ауданына қарасты Алтай қаласы, келесі күні Үлкен Нарын ауданы, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Назар аудартқан аударымдар
 Іс шараға жиналғандарға 2024 жылы 1 қаңтардан бастап енгізілген салық заңнамасындағы жалпы өзгерістер, жалпыға бірдей декларация, мобильді аударымдар, туристік объектілерге салық салу тәртібі ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ, шара барысында төлем жасайтын терминалды қолдану, салық есептілігіне жалдамалы қызметкерлердің табыстарын көрсету керектігі айтылды.
 Мемлекеттік кірістер департаменті «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, құқық қорғау және уәкілетті органдар өкілдері халықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, өзара байланыс орнатты.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, осы жылы жалпыға бірдей декларациялауға 3,9 млн адам қатысады. Оның ішінде кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың өкілдері декларация өткізеді.
Жалпыға бірдей декларация және мобильді аударымдар туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова түсіндірді.
– Жалпы декларациялау жүйесінде бастапқыда Активтер мен міндеттемелер туралы декларация (250.00 формасы) ұсынылады. Бұл жерде қандай активтерді көрсету керек деген сұраққа келсек: шет мемлекеттерде тіркелген мүлік; шетелдегі жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, ұшақтар мен көліктер; шетелдік банктегі 3,5 млн теңгеден жоғары ақшаны (1000 АЕК); Шетелдік компанияларға қатысу үлесі; құны 3,5 млн теңгеден асатын өзге де мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т.б).
Еске салсақ, активтерді бағалау, жалпыға бірдей декларацияны тапсыру мерзімі 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жүргізілуі тиіс.

Кешіккен адамға – айыппұл
Декларацияны уақытында өткізу үшін не істеу керек? Әлеуметік желі арқылы жібергіңіз келсе, «e-salyqAzamat», Halyk Bank, Centercredit, Kaspi Bank қосымшаларын қолдануға болады. Айталық, декларация қағаз түрінде болса, пошта арқылы немесе қолма-қол тапсыруға мүмкіндік бар.
Тағы да ескеретін жағдай, декларацияны уақытында тапсырмағандар бірінші ретінде ескерту алса, келесіде оған 55 380 теңге (15 АЕК) көлемінде айыппұл қарастырылған.
– Егер құжатыңыз толық емес немесе қате толтырылса, бірінші ретте ескерту аласыз. Дәл осындай жағдай екінші рет қайталанса, 11 076 теңге (3 АЕК) көлемінде айыппұл салынады (ӘҚБтк-нің 272-бабы). Бір жыл ішінде салық салу объектілерін жасырғаны үшін бірінші ретте 200% мөлшерінде айыппұл салынса, қайталап бұзғаны үшін 300% қарастырылған (ӘҚБтК-нің 275- бабы), – делінген мәліметте.
Қазір қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі – мобильді аударымдар. Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Жұлдыз Құрманғалиқызы ең маңызды дүниелерді атап өтті. Сондай-ақ салық органдарында есепке қою, салық декларацияларында жалдамалы жұмыскерлердің  табыстарын көрсету тәртібі сөз етілді.


– «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес әр түрлі төлем әдістері қарастырылған: Банк картасы; QR код немесе қолма-қол ақша (25 бап). Онлайн төлемдерді қабылдаудан бас тартатын әрекет заңсыздыққа жатады және тұтынушылардың құқықтарын бұзады, – деді ол.
Осы тақырыптың маңыздылығын ескере отырып, Алтай ауданының статистикасына тоқталуды жөн көрдік. Соған сүйенсек, 2024 жылы жалпыға бірдей декларацияның 1-2 кезеңінен өтетін адамдардың саны 11 396-ға жетті. Олар:
жауапты мемлекеттік қызмет атқаратын адамдар жіне олардың жұбайлары;
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеті адамдар және олардың жұбайлары;
шенеуніктер, сот орындаушылар және декларация тапсыру міндеті жүктелген басқа да адамдар.


Қорытынды сөз әкімнен
Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев атқарылып жатқан жұмыс қандай нәтижеге жететініне тоқталды. Оның ішінде, туристер де салық тұрғысында біршама үлес қосқандығын алға тартты.
– Облыс аумағында туристер келетін 307 ресми орын тіркелген. Олар барлығын қоса алғанда былтыр 1 млрд 443 млн 300 мың теңге салық төледі. 2024 жылдың 1 тоқсанынан бері 536,4 млн теңге салық алынды. Салық сауаттылығы бойынша жүргізілген түсіндірме жұмыстары жеке кәсіпкерлердің тіркелуінің санын арттырады және бюджетке түсетін қосымша салық түсімін қамтамасыз етеді, – деді әкім.
Валентина ГЕОРГИЕВНА