Саналы ұрпақ» студенттік клубтарының слеті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бастамасымен жыл сайын өткізіледі. Биылғы жылы аталған іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
ШҚО білім басқармасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментімен бірлесіп Өскемен жоғары политехникалық колледжінің алаңында студенттерді жинады.
Өскемен қаласы колледждерінің 40 өкілі форумға келіп қатысса, басқа қалалар мен аудандардың студенттері онлайн режимінде қатысты.
Слет аймақтағы әр колледжде ұйымдастырылған «Саналы ұрпақ» клубтарының белсенділері мен жетекшілерін біріктірді. Олардың қызметі құқықтық білім мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттауға бағытталған.
- Қазақстанның жарқын болашағы білімді, талапты және зиялы жастардың қолында. Сондықтан мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – ғылым мен білім сапасын дамыту және арттыру болып саналады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жою мақсатында білім беру мекемелерінде Агенттіктің бастамасымен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Бұл «Sanaly urpaq», «Адал ұрпақ», «ADAL BILIM», «Парасаттылық мектебі», «Парасаттылық сағаты» жобалары, – деп атап өтті ШҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Ж.Байділдин.
Барлық 76 колледж тақырыптық плакаттар дайындады. Семейден келген қатысушылар, қаржы-экономикалық колледжі мен М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенттері, сыбайлас жемқорлық сияқты әлеуметтік зұлымдыққа деген өз көзқарастарын білдіре отырып, өздерінің бейнепрезентацияларын ұсынды.
Үржар колледжінің және халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы ШҚУИ балалары «Ақ пен қара» және «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы!» тақырыбын толық ашып қана қоймай, өзінің актерлік қабілетін де көрсете білді.
Өскемен политехникалық колледжінің «Алаш ұрпақтары» дебат клубының қатысушылары жемқорлыққа қарсы дұрыс қағидаттарды ұстанатындарын растады. Олар мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға қатысуға және өз елінің адал, парасатты азаматтары болуға дайын екендіктерін білдірді.
2019 жылдан бастап ТжКБ жүйесінің колледждері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ерекше көзге түскен командаларға берілетін «Адалдық» кубогы эстафетасы ұйымдастырылды. Өткен жылы кубок иегері халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің «Саналы ұрпақ» командасы болды. Бұл жолы ауыспалы кубокқа Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжі клубының балалары ие болды.
Слет аясында «Саналы ұрпақ» ерікті клубының қатарына бірінші курс студенттерін салтанатты қабылдау өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің алдын алу ісіндегі ең белсенді және ерекше көзге түскен жастар дипломдармен және грамоталармен марапатталды.