ШҚО-да сарбаздар сайысқа түсті

494
көрілім

Өскеменде спорт күніне орай ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің қатысуымен 5 шақырым қашықтығына жүгіруден сайыс өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Күн райының алабұлттанып, уақ-уақ жаңбырдың сіркіреуіне қарамастан аталмыш додада бақ сынауға 100-ге тарта ұлттық ұландық қатысты. Пристань көшесіндегі Ертіс жағалауында сөреден суырылып шыққан нөпірдің жеңіске деген құлшынысы алыстан байқалды. Жарыстың басы-қасында жүрген майор Бауыржан Дарыбаев белгісінен соң ұлттық ұландықтар бар екпінімен алға ұмтылды.

Бір шақырымнан аса бере қалың топ біртіндеп созыла түсті. Жарыс жолының бел ортасына жеткенде 53-ші нөмірдегі қатысушының аяқ алысы тәуір болды. Абырой болғанда соңына дейін төзімділік танытып, басымдықты сақтап қалды.

Одан іле 21-ші нөмірлі жейде кейген қатысушының екпіні қатты көрінді. Мәре сызығына жеткенде қарсыластарынан тіптен қара үзіп кетті.

Сөйтіп, әскерилер қатысқан аламанда әр санат бойынша Ерасыл Тұрысбеков, Алмас Ахметбаев, сонымен қатар 6699 әскери бөліміндегі сарбаздың бағы жанып, көпшілік арасынан ең үздік нәтиже көрсетті. Жалпысында, жүлделер саны бойынша«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы 6699 және 5518 әскери бөлімдері деңгейлес шықты. 6699 әскери бөлімінде екі алтын, бір күміс және бір қола медаль болса, 5518 әскери бөлімінің еншісінде екі күміс және екі қола. Ал 3477 әскери бөліміне бір алтын медаль бұйырды.

– Жоспарда үздік нәтиже көрсету болған еді, десе де жедел қызмет әскерилерінің арасында топ жарудың сәті түсті. Осыған дейін жеңіл атлетикамен шұғылданғам. Соның көмегі болар, жарыс мен үшін сәтті аяқталды, – дейді 6699 әскери бөлімінің сарбазы Алмас Ахметбаев.

 

 

Спорт күні қарсаңыда бейжай қалмауды жөн көрген дене шынықтыру дайындығының басшысы, майор Бауыржан Дарыбаев барлық қатысушыларға тартысты бәсеке көрсеткендеріне алғыс білдірді.

Әскерилер арасында салауатты өмір салтын ұстануды мақсат етке сайыс алдағы уақыттары да жалғасын табады деп жоспарлануда. Облыстық Регби федерациясының президенті Талғат Омаров бұқаралық спортты дамытуда осындай шараларды жиі қолға алып, аймақтағы әскерилерді спорттық бабында ұстаудың маңыздылығын баса айтты. Сондай-ақ регбиден алдағы болатын түрлі додаларда өңір намысын қорғайтын сарбаздарға сәттілік тіледі.

– Еліміздің Конституция күні алдында ұйымдастырылған сайыстың мәні жоғалмасын десек, әркез спортты серік еткен жөн. Әскери бөлімдерімізде қандай додалар болмасын, жүлде алуға даяр қаншама жауынгерлеріміз бар. Бүгінгі бәсекеге қатысқандардың айтарлықтай тәжірибе жинақтағандарына сенімім мол, – деді ол.

Әділхан ЕСІМХАНОВ