Азық-түлік емес тауарлар саудасымен айналысатын кәсіпкерлер онлайн режимде ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Тұңғышбаевпен кездесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, бизнес-қоғамдастықтың атынан ірі дүкендердің, базарлардың, сауда-ойын-сауық орталықтарының, Өскемен, Семей қалаларының және Бородулиха ауданының сауда үйлерінің басшылары қатысты. Олар Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің міндетін атқарушыдан демалыс және мереке күндері барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, ірі сауда нысандарына жұмыс істеуге рұқсат беруді, ал осы нормаларды бұзған кәсіпкерлермен нақты жұмыс жүргізуді сұрады.
Бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдаған Талғат Тұңғышбаев статистика мәліметтеріне сүйене отырып, Шығыс Қазақстан әлі де болса қызыл аймақта тұрғанын атап өтті.
– 17 қарашада ведомствоаралық комиссия отырысында қабылданған шешімдерді назарға ала отырып, келесі аптада жеңілдіктерді біртіндеп енгізу жоспарлануда. Ең бастысы, вирустың таралу қарқыны төмендеп келеді, – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
ШҚО Бас санитариялық дәрігері міндетін атқарушы демалыс күндері сауда орындарында көптеген адамдар жиналатынына, оларды шын мәнінде азайту қажеттігіне назар аударды. Тұтынушылармен байланыс азайтылған қызмет салаларына келетін болсақ, олардың жұмыс режимі жақын күндері қайта қаралмақ.
- Осы аптада сіздерден тағы да шыдамдылық танытуларыңызды сұраймыз. Бірақ біз жақын арада демалыс күндері азық-түлік емес тауарлар саудасы үшін жұмыс режимі бойынша жеңілдіктер енгіземіз деп үміттенеміз. Біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, – деп түйіндеді Талғат Тұңғышбаев.