ШҚО-да сайлауалды бағдарламаны орындау жөніндегі жол картасы бекітілді

632
көрілім

Шығыс Қазақстан  облысы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жобасы 16-ақпан күні облыстық мәслихаттағы фракция отырысында талқыланып, пысықталған болатын. Жол картасы  партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросында бекітілді.

Сайлауалды бағдарламаны орындауға арналған Жол картасында алдағы бес жылда өңірді дамыту үшін атқарылатын іс-шаралардың  нысаналы индикаторлары мен мерзімдері қойылып, жауапты орындаушылар бекітілген. Алдағы бес жыл ішінде 2,5 мың км автожол мен 12 көпірге орташа жөндеу жүргізіліп, 923 мың шаршы метр болатын 400 – ден астам тұрғын үй салынады. Сондай-ақ бұқаралық спортты қолдау мақсатында 11 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 6 спорт модулі салынады. 2025 жылға дейін облысымыздың тұрғындары таза ауыз сумен толықтай қамтылатын болады.
-Жол картасы — өңірді дамытуға арналған маңызды құжат, сондықтан алдағы жұмыс барысында осы құжатты басшылыққа алуымыз керек. Партияның сайлауалды бағдарламаларының орындалуы тікелей Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың бақылауындағы тапсырма. Сондықтанда біз алдымызға қойылған мақсат-міндеттерді орындап, халықтың жағдайын жақсартуға, жұмыс істеуіміз қажет - деді партияның облыстық филиалы төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов.
Жалпы жол картасында жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдардың сапасын, экологиялық жағдайды жақсарту, кәсіпкерлерді қолдау, баспана мәселесін шешу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және тағы басқа бағыттары бойынша әр жылға нақты көрсеткіштері бар.