Шығыс Қазақстан облысында сел қаупі бар учаскелерге мониторинг жүргізу жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ ке сілтеме жасап
«Қазселденқорғау» мамандары және өңірдің құтқарушылары таулы жерлерде қауіпті учаскелерді үнемі бақылауда ұстап отыр. Облыс аумағында 144 мореналық көл орналасқан, олар жыл сайын тексеріледі. Мамандар көлдерді мұздан толық ашылғанға дейін және сел қаупі бар жағдайларды бақылау үшін тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Облыстағы 13 өзен бассейні сел қаупін тудырады. Сел қаупі бар кезеңнің басынан бастап маусымдық 9 гидропост және Катонқарағай ауданының Сарымсақты өзенінде жыл бойы 1 гидропост жұмыс істейді. Барлық гидропосттар тәулігіне үш рет гидрометеорологиялық өзгерістер туралы ақпарат береді.
Тұрғысын, Сарымсақты, Бұқтырма және Берел өзендерінің бассейндеріне аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Зерттеу кезінде мұздықтардың қарқынды еру белгілері анықталған жоқ, мұздықтарда қардың біртіндеп еруі байқалады. 2024 жылдың тамыз айында Громотуха және Белая Уба өзендері бассейндеріндегі биік таулы мореналық көлдерге ат көлігімен батиметриялық өлшеулер жүргізу жоспарлануда, - деп жазылған мәліметте.
ШҚО ТЖД және ШҚ «Қазселденқорғау» филиалы сел тасқынын болдырмау арқылы ғана құтылуға болатынын еске салады. Қауіпсіздік мақсатында туристер дауыл туралы ескертулерді мұқият қадағалап, сел қаупі бар кезеңде тауларға барудан бас тартуы керек. Тұрғындар өз аймақтарындағы көшкін ықтимал орындарын және олардың шамамен шекараларын білуі тиіс.