«Ғылым қоры» акционерлік қоғамы қолдауымен 2022-2024 жылдар аралығында «Екінші және үшінші балық өсіру аймақтары жағдайында ақ амур балықтарын жасанды түрде көбейту, өсіру және сату» № АП15573704 коммерцияландыру жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жоба өңірдегі «Бұқтырма уылдырық шашу және өсіру шаруашылығы» ЖШС базасында жүзеге асырылуда. ІІІ балық өсіру аймағындағы тоғандық балық шаруашылығына амурды енгізудің негізгі проблемасы оны жасанды жағдайда көбейту болып саналады.
– Біз әзірлеген шаралар зауыттық әдіспен өзіндік балық отырғызу материалын алуға мүмкіндік берді. Бұрын бас қатырарлық мәселе еді. Бүгінде III-ші балық өсіру аймағының тоған жағдайында амур балығын өсіру мүмкіндігі мәселесі сәтті шешіліп, өндіріске енгізілді, – делінген мәліметте.
Сондай-ақ, «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру» ЖШС «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-мен іскерлік қарым-қатынаста, бұл ұйым амурды жасанды көбеюту кезінде ғылыми қолдау көрсетеді.
«Бұқтырма уылдырық шашу және өсіру шаруашылығы» ЖШС-да коммерцияландыру жобасы аясында біршама жаңару жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, балық өсіру цехы толықтай күрделі жөндеуден өтті. 13 бірлік мамандандырылған техника, арнайы киім, заманауи зертханалық жабдықтар сатып алынды. Сонымен қатар жаңа жұмыс орны ашылып, жұмысшылар санын көбейтуге септігін тигізді. Бүгінгі таңда кәсіпорын жергілікті тұрғындарды 30 жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.
Нұрбек АСҚАРОВ