ШҚО-да Шахтер күні және Белоусовка кен орнының 220 жылдығына орай мерекелік шара өтті. Кен өндірісінің қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Шалқар Байбеков 18 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстады.
– Тау-кен өндірісі аймақ экономикасының серпінді саласы болып қалыптасқан. Сондықтан болар, облыстың әрбір төртінші тұрғыны осы салада қызмет атқарып келеді. Шахтер – күш-жігер мен шыдамдылықты талап ететін сала. Сіздерді облыс әкімі Даниал Ахметовтың атынан шын жүректен құттықтай отырып, жанұяларыңызға бақыт тілеймін, – деді Шалқар Байбеков.
Құттықтау сөзінен кейін аймақ басшысының орынбасары Белоусовка кентінің тұрғындарына 18 жаңа пәтердің кілтін табыстады. Сондай-ақ, тау-кен өндірісінде қызметте үздік деп танылған шахтерлар алғыс хатпен марапатталды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.