Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары сүт шаруашылығын өрістету бағытында елеулі жұмыс атқарылды. Мәселен, 2014 жылдың күзінде өңірдегі барлық сүт зауыттарының 29 пайыздық қана қуаттылығы жұмыс атқарып тұрса, бұл көрсеткіш бүгін де 42 пайызға жеткен. Жетістік бар десек те, жекелеген кейбір аудандардағы сүт зауыттарына жеткілікті дәрежеде сүт жиналмай келеді.
Облыс әкімдігінде есеп берген ШҚО ауыл шаруашылығының басшысы Қонысбай Төлеубековтың айтуынша, облыста соңғы екі жылда 33 сүт қабылдау пункті ашылған. Биыл да Бородулиха, Жарма, Катонқарағай, Ұлан, Шемонаиха, Бесқарағай аудандары мен Риддер қаласында 10 сүт қабылдау пунктін іске қосу жоспарланып отыр. Десе де, сүт жинау бағытында сылбырлық танытып отырған аудандар да бар екен. Қонысбай Төлеубеков айтып өткендей, Көкпекті ауданы мен Риддер қаласында сүт жинау жұмысы әлі де қолға алынбаған. Шемонаиха, Тарбағатай аудандары мен Семей қаласында бұл бағыттағы шаруа баяу атқарылып жатқанға ұқсайды. Бесқарағай, Зайсан, Үржар аудандарында сүт жинау жөніндегі тапсырмалар лайықты дәрежеде жүргізілмей келеді. Басқарма басшысының есебін тыңдаған Даниал Ахметов алдағы уақытта шағын несие таратудың жолын тілге тиек етті.
– Сүт шаруашылығын өрістетуде айтарлықтай жетістік бар. Ендігі кезекте шағын несие тарату кезінде өтініш берушілерге ақшаны асыл тұқымды мал үшін беру керек. Сонымен қатар, малды дұрыс жемдеу, дұрыс сауу ережесі ойластырып шығарылуы тиіс. Сиыр ұстаған адам жылына 4,5 мың литр сүт алғысы келсе, қандай жемді қай мөлшерде беру керектігін білгені жөн. Барлық еуропалық елдер осындай ортақ әдіс арқылы ауыл шаруашылығын дамытып отыр, – дейді облыс әкімі.
Аян ӨРІБАЕВ