Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий аймақтағы шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік сатып алу бойынша алға қойған жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мәлім болғандай, Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен биыл мемлекеттік сатып алу құрамына тағамдық өнімдер, жиһаз және жеңіл өнеркәсіп енгізіледі. Мемлекеттік тапсырыс аясында химиялық өнеркәсіп пен өңірде өзекті саналатын машина жасау саласына да көңіл бөлінбек.
– Шетелден сатып алынатын тауарлар, яғни импорттық заттардың сапасы еліміздегі кәсіпорындардың жұмыс істеу әдісінен көш ілгері дей алмаймын. Біздің де іргелі кәсіпорындар тауар сапасын арттыруда белгілі бір қағиданы сақтап келеді. Кәсіп ашуға ниеттенгендер жетерлік, алайда олар өз ісін дөңгелетіп әкету үшін күрделі механизмдер ойлаудың орнына дайын өнімге өзгеріс енгізіп, табыс таба алмай жатады. Осындай жиындар барысында алпауыт кәсіпорын қызметкерлері тауар сапасын арттырудың сан түрлі тәсілін меңгеруге мүмкін алады, – дейді Игорь Шацкий.
Сондай-ақ жауапты тұлға бүгінде облыстағы үш серіктестіктің «Казцинк» компаниясымен келісімшарт жасасуын отандық өнімді насихаттап, шағын және орта бизнесті қолдауға сенімді қадам екендігін айтты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ