Өңірлерде ауылшаруашылық саласын дамыту ең алдымен мемлекет, одан кейін сол аймақтың экономикалық жағдайдын өркендету мақсатымен қолға алынып жатқандығы белгілі. Облыс әкімі Даниал Ахметов те Шығыс өңіріндегі ауылшаруашылық, оның ішінде егістік бағытына баса мән беріп келеді. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға тапсырма бергенімен оның жоспарға сай орындалуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Осы ретте ШҚО Ауылшаруашылығы басқармасы маманымен жолығып, биыл егіс науқаны төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ойын білген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жүгері мал бордақылауға жарамды
ШҚО Ауылшаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы, егіншілік және меморандум бөлімінің басшысы Әділет Төлеутаев бірден осы жылы егістікке бөлінген жер телімінен бастады. Жоспарға сәйкес биыл көктемгі егіс науқаны үшін барлығы 1 млн 367 мың гектар жер бөлінген. Бұл дегеніміз, өткен жылмен салыстырғанда 7000 мың гектарға артық. Оның ішінде дәнді, майлы дақылдар, көкөніс, картоп сынды бақша өнімдері егілмек.
№ |
Дақыл немесе өнім атауы |
Бөлінген жер телімі |
1 |
Дәнді және бұршақ дақылдары |
559 мың гектар |
2 |
Майлы дақылдар |
481 мың гектар |
3 |
Азықтық жем |
292 мың гектар |
4 |
Картоп |
19 мың гектар |
5 |
Көкөніс және бақша өнімдері |
16 мың гектар |
Облыс әкімдігі қолдау көрсетіп, шаруагерлерге нақты тапсырма бергендіктен жыл санап жүгеру егуге де көңіл бөлінуде. Әділет Төлеутаевтің сөзінше, 2016 жылы өңір бойынша тек 1200 гектар жерге жүгері егілсе, араға төрт жыл салып, яғни биыл 8800 гектар жер қамтылмақ.
– Шыны керек, қазір жүгері құрамына қарай мал бордақылауда да құнарлы болып тұр. Сол себепті азықтық жем ретінде беріліп келе жатқандығы рас. Жалпы өңіріміз жер жағдайы тұрғысынан қарасақ, біршама ыңғайлы аумақта орналасқан. Сол себепті кейін жүгеріні көп көлемде орып алған күні оны экспорттауға мүмкіндік мол, – дейді бөлім басшысы.
Егіс науқанының қазір қызған шағы. Алайда осы арада жер жыртар техникасы мен егістік саласынан хабардар шаруагерлерге мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияға қатысты сауалдар туындайды. Мәлім болғандай, тұқым мен тыңайтқышқа арналған, тіпті, суару үшін де берілетін субсидия түрлері бар. Бөлім басшысы суару бойынша берілетін субсидияны көп жағдайда Зайсан, Үржар сынды облыстың оңтүстік аудандарының шаруагерлері алатындығын жеткізді. Себебі жаздың аптап ыстығында топырақ тез кеуіп кететін көрінеді. Субсидия қандай жағдайда беріледі? Ең алдымен күнбағыс болсын, басқа да дақылдар егуге оқталған еңбек адамдары элиталық немесе бірінші репродукциялық тұқым алған жағдайда тиісті құжаттарын ресімдеп, субсидияға өтініш бере алады. Әділет Төлеутаевтың сөзінше, барлық жер көлемінің 15 пайызы, ал бірінші репродукцияның 20 пайызы субсидияға жатады. Бұл белгілі бір тұқымды, сортты қайта жаңарту мақсатында ойластырылған бағдарлама. Сонда элита тұқымын алу бойынша субсидия берілсе, жер көлемінің 70 пайызын, ал репродукциялық тұқым 50 пайызға дейін кеткен шығынды жабады. Қазіргі уақытта өңірдегі соя мен жүгеріге байланысты атқарылып жұмыстарды ескерсек, агрономдардың басын қосып, біліктілігін арттыру мақсатында түрлі семинарлар өткізілуде. Оның ұйымдастырылуына қарай, егілетін дәнді дақылдар мен бақша өнімдерінің өңірде өндіріліп, облыс тұрғындарын қамтамасыз ету көрсеткіші де айқындалады.
Күнбағыс өндіруден көш басында
– Республика көлемінде Шығыс Қазақстан облысы күнбағыс өсіру бойына бірінші орында. Күнбағыс майы зауыты бойынша «МАЙ» акционерлік қоғамы да алдыңғы қатарда. Өз аймағымыздан бөлек, өзге өңірлерді қамтамасыз етіп, экспорттауға да мүмкіндігіміз жоғары. Бидай дақылына келсек, бұл бағытта да алға жылжу байқалады. Бұған әр жылдары жоғарылап келе жатқан көрсеткіштер куә, – деді бөлім басшысы.
Айталық, 2016 жылы бір гектардан – 16,3 центнер, 2018 жылы – 18 гектар дәнді дақыл алынған. Шаруагерлер биыл да осы межені төмендетіп алмаудың қамын ойлауда. «Алайда күні бүгінге дейін жауын болмай тұрғаны қиындық келтіруде» дейді мамандар. Әр жылы дәнді дақылдардан түсетін өнімнің мол болуын жауапты тұлғалар тыңайтқыштармен, өңірге жаңадан алынып жатқан техникалардың жұмысымен де байланыстырды. Мәселен осыдан алты жыл бұрын облысқа сатып алынған тыңайтқыш көлемі 11 мың тонна болса, биылғы жылы бұл көрсетіш 32 мың тоннаға жеткен. Осы ретте көктемгі егіс науқаны кезінде 30 мың тонна тыңайтқыш себілгенін айта кетейік. Оның ішінде топырақты құнарландырудан бөлек, арамшөптерге арналған тыңайтқыш түрлері бар. Соның себебі болар, жылда егіліп жатқан бидай дақылының көлемі де көңіл қуантып, облыстағы іргелі саналатын ұн өңдейтін комбинаттар өз жұмысын мүлтіксіз орындап, аймақ тұрғындарына ұн тапшылық сездірмеуде.
Көп бөлігі игеріліп бітті
– Егіс науқанының өз деңгейінде жүргізіліп, уақтылы қауырт тірлікке білек түре кірісу үшін көршілес мемлекеттерден бірқатар жаңа техникалар алдырылды. Қазір өңір бойынша ұзын-саны 16000 мың трактор бар екендігін айта кетейін. Кетеуі кетіп, тозығы жеткендер емес, іске жарамдылары, тіпті су жаңалары да бар. Бұл тұрғыда да басқараманың басқа бөлімдерінде техника алуға тиісті субсидиялар қарастырылған, – деді Әділет Төлеутаев.
Қазір егіс науқанының көп бөлігі игеріліп бітуге жақын. Соңғы деректерге сәйкес 4,5 мың гектар жүгері егілген, бұл жоспардың 51 пайызы орындалғанын көрсетеді. Әділет Төлеутаевтың сөзінше, кей жылдарда егіс бітік шығып, жер телімі жайқалып тұрғанда шегірткелердің шабуылы орын алады. Ол зиянкестердің екі түрі болады екен. Атап айтсақ, үйірлі және саяқ шегіртке. Соның ішінде, облыс бойынша саяқ шегірткелер ерекше қауіпті келеді екен. Жергілікті атқарушы орган өкілдері жылда арнайы жоспар бекітіп, тосын жайтқа әзір тұруды көздейді.
– Биыл конкурс қайта тағайындалып, жеткізуші мекеме де анықталды. Саяқ шегірткелерге қарсы күреске 8 млн теңге қаржы бөлінген. Олар ойран салса, егістіктің көп бөлігін жалмап өтеді. Сол себепті жауапты тұлғалар сол жағынан сан соғып қалмаудың қамын ойлаумен жүреді. Бұл үшін жанар-жағармай бөлу жағы да қарастырылған. Өткен жылы 27 мың, биыл 30 мың тонна бөлінді. Шаруагерлер белгіленген жеңілдіктер бойынша алады, – дейді бөлім басшысы.
Тыңайтқыш тегін берілуі тиіс
Тағы бір айта кетерлігі, тыңайтқыш қарапайым еңбек адамдарының өзіне тегін берілуі тиіс. Ал субсидия мәселесіне келсек, ірі шаруа қожалықтарынан бөлек, жер телімі шағын шаруагерлер де ала алады. Мұны Әділет Төлеутаев растады. Жауапты тұлғаның сөзіне сүйенсек, шаруагердің жер телімі болса жеткілікті. Тіпті ол жер алқабы алақандай болғанның өзінде барлығының субсидия алуға мүмкіндіктері жоғары. Ал ауылшаруашылық саласының мамандары шаруагерлерге субсидия отандық тұқымды, тыңайтқышты алғандары үшін төленетіндігін мәлімдеді.
– Мұның барлығы отандық өнімді өрлету үшін ойластырылған бағдарлама. Бір есептен, шаруа қожалықтарын қолдау болып саналады. Кей адамдар тыңайтқыш пен тұқымды жеңілдікпен немесе тегін алу жолдарын білмегендіктен құжат ресімдеуге ниет білдірмейді. Біз жылда агрономдармен бірлесе елді мекендерге барып, түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Дегенмен ауылдық округтерде осы жұмыспен айналысатын тиісті мамандар да бар, – деді Әділет Төлеуханұлы.
Сөз соңында, бөлім басшысы жиі тоқталған субсидия тақырыбында қазіргі жаңашылдыққа тоқталды. Белгілі болғандай, өткен жылдан бастап мұның барлығы электрондық нұсқада жүзеге асырыла бастаған. «Шаруагерлерде компьютер мен ғаламтор желісі болса жеткілікті» деп сөзін қорытындылады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ