ШҚО-да шекаралық аймақтарды дамыту қолға алынбақ

459
көрілім
Фотосурет - ult.kz сайтынан.

Бір айдың ішінде Күршім ауданының шекаралық аймақтағы ауылдарын бесжылдық дамыту жобасын дайындау қолға алынбақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов тұрғындар саны азайып бара жатқан бірнеше ауылдарды назарға алды.

«Мұндай мәселелер Тарбағатай және Катонқарағай аудандарында байқалады. Күршім ауданындағы көп ауылдардың болашағы бұлыңғыр. Бір ай ішінде шекаралық аймақтарда орналасқан ауылдарды дамытудың бесжылдық жобасын құрамыз» деп жазды аймақ басшысы өзінің Инстаграм парақшасында.

Даниал Ахметовтың айтуынша, жобаға енген жұмыстар қатарында инфрақұрылымды, ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті, білім беру мен денсаулық саласын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу белгіленген.

Сонымен қатар, жақын арада Бұқтырма су қоймасына салынатын көпірдің бюджет мәселесі шешілмек.