Семей қаласының кәсіпкерлері карантиндік шектеу шараларын жеңілдету талабымен кезекті рет алаңға жиналды. Шағын және орта бизнестің 50-ден астам өкілі қала әкімі Ермак Сәлімовпен кездесіп наразылықтарын жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кездесу барысында індеттің облыс аумағында таралу қарқыны артып, Шығыс Қазақстан «Қызыл аймаққа» енгізілген тұста қандай да бір босаңсулар мен жеңілдіктер туралы сөз айту орынсыз екені атап өтілді. Сонымен қатар кәсіпкерлердің өз беделдері мен сенімдеріне өздері нұқсан келтіріп отырғандығы айтылды.
– Екінші толқын кезінде наурыз-маусым айларындағыдай қатаң шаралар қабылданбады. Дегенмен кәсіпкерлер соның өзінде бұзушылықтарға жол беріп отыр. Соңғы мысал - Семей мейрамханаларының бірінде өткізілген үйлену тойы. Онда танымал спортшылар, өнер адамдары, көшбасшы жастар, бизнесмендер мен шоумендер жиналғаны белгілі. Бір қызығы, рұқсат етілмеген салтанатты мерекеге қатысқандардың кейбіреулері коронавируспен ауырып шыққандардың қатарында. Біз барлық ережелерді сақтау қажеттілігі туралы жерлестерімізге үндеу тастадық. Алайда бұл оларға кедергі келтірмеді, барлық тыйымдар мен шектеулерді бұзып, той өткізді, – делінген мәліметте.
Өкінішке қарай, мұндай жағдай біреу ғана емес. Осы кезеңде барлық кәсіпкерлерге уақыт пен адам саны бойынша шектеулерді, қашықтықты, маска режимін және дезинфекциялық шараларды сақтай отырып, жұмыс істеуге рұқсат етілді.
– Алайда, соған қарамастан, кейбір бизнес өкілдері бұрынғыдай жұмыс істеп, карантин шектеулерін жеңілдетуді талап ете аламыз деп санайды. Мұндай қарым-қатынас арқылы олар бизнес субъектілеріне деген сенімді бұзып қана қоймай, өздері де COVID-19 таралуына ықпал ететінін түсіну керек. Семейлік кәсіпкерлермен кездесу барысында COVID 19 жағдайы тұрақталғанға дейін жеңілдіктің болмайтындығы туралы биліктің нақты ұстанымы айтылды. Себебі біз тек осылай ғана қауіпті індеттің өршуіне жол бермейміз, – деп жазылған ШҚО Аймақтық коммуникациялар орталығы таратқан ақпаратта.