ШҚО-да шенеуніктер мемлекеттік сатып алу конкурсына кәсіпкердің құжаттарын негізсіз қабылдамаған

577
көрілім

ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің лауазымды тұлғаларына тиісті шаралар қолдану туралы өтініш түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өтініш білдірген – кәсіпкерлер. Белгілі болғандай, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер 800 млн теңге сомасындағы мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін конкурстық құжаттаманы негізсіз қабылдамаған. Шенеуніктер басшылық пен жауапты маманның жоқтығын сылтауратыпты.
Департамент пен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының араласуымен кәсіпкердің конкурстық құжаттаманы тапсыра алмай жүргені анықталып, түсіндірме жұмыстары негізінде кәсіпкердің құжаттары толықтай қабылданды.
Аталған мәселенің қорытындысы  бойынша, Департамент қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін өтінім беру кезеңінде кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу жөнінде ұсыныс хаттар жолдады. Оның ішінде конкурстық құжаттаманы қабылдау кезінде әуре-сарсаңға салу фактілерін болдырмау туралы, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет департаментіне қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін қарау туралы ұсыныстар да бар.