ШҚО әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев бастаған арнайы жұмыс тобы бас мердігер «Синьсин» компаниясы жүргізіп жатқан «Қалбатау-Майқапшағай» жол жөндеу учаскесіндегі жұмысшылармен кездесті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жұмыс тобының құрамында ШҚО прокуратурасы, ШҚО Полиция департаменті, облыстық еңбек инспециясы басқармасының, ШҚО көлік және автомобиль жолдары басқармасының басшылары, ШҚО тауар және қызмет қауіпсіздігі сапасын бақылау департаменті, «КазАвтоЖол» АҚ ШҚОФ басшылары болды.
Кездесу барысында облыс әкімдігімен «Синьсин» компаниясының бас директоры арасында ортақ келісім хаттамасына қол қойылды. Соның шарттары төмендегідей:
1. Барлық еңбек келісімдері ҚР заңнамасына сәйкес ретке келтіріліп, жұмысшыларға 3 күн мерзімінде түсіндіріледі.
2. Егер жұмысшылар түнгі уақытта, демалыс күндері, белгіленген уақыттан тыс еңбек етсе, жалақы мөлшері 1,5 есе көлемінде төленеді.
3. 10 күн мерзімінде барлық тұрғылықты жерлерде салқындатқыштар орнатылып, ҚР заңнамасына сәйкес ретке келтіріледі.
4. Барлық жұмысшыларға 10 күн мерзімінде арнайы жұмыс киімі берілетін болады.
5. Жұмысшылар тұратын жерлерде күніне үш рет тамақтандыру ұйымдастырылады.
6. Жұмысшылардың ең төменгі жалақы мөлшері 80000-нан 120000 теңгеге көтеріледі.
- Жағдай қалыпқа келтірілді, мекеме кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Сағат 14.00-ге қарай барлық жұмысшылар өз міндеттерін атқаруға кірісті. Жұмысшылар облыс басшылығына мәселені тездетіп шешіп және көрсетілген көмектері үшін ризашылықтарын білдірді, - деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұдан тыс, ШҚО бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына, «КазАвтоЖол» АҚ ШҚОФ-на (келісім бойынша) және өзге жауапты құзырлы органдар алдына Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес еңбек келісімдеріне тексеру жұмыстарын жүргізу міндеті қойылды.