Жаздың екінші айында күн құбылмалы болатын көрінеді. Күн райының хабаршылары термометр бағаны көтеріліп, жаңбыр жиілейтінін жазды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Қазгидромет» РМК өкілдерінің хабарлауынша, шілденің алғашқы онкүндігінде облыстың барлық дерлік ауданында жауын-шашын күтіледі. Кей аумақта бұршақ жауып, нөсер жауын төгеді. Өңір көлеміндегі орташа температура +22+25°C шамасында болмақ. Салыстырмалы түрде қарағанда, Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентінде сынап бағанасы аз-кем төмендейді. Күндіз +18°C, түнде +13+15°C шамасында. Жалпы, шілденің 7-10 аралығында Алтай, Катонқарағай, Самар аудандарында, Риддер қаласында аспанды қалың бұлт торлап, нөсер мен ақ жауын алма-кезек жаууы ықтимал.
Екінші онкүндікте Күршімнен бастап, Тарбағатай, Зайсан аудандарында күндіз жел екпіні күшейіп, ауа райы құбылмалы болуы мүмкін. Синоптиктер таулы учаскелерде тұман түседі деп те жазды. Шілденің 13-16 аралығында Ұлан ауданы мен Өскемен маңында өткінші жауын күтіледі. Күндіз сынап бағанасы +24+28°C, түнде +16+18°C-ты көрсетуі ықтимал.
Әйтсе де осы аралықта аңқаны кептірер аптап сақталады. Жаңбырдан соң күн ысынып, кей ауданда егістік қаулап өсуіне негіз болғалы тұр. «Қазгидромет» РМК ақпаратынша, шілденің 19-20 күндері бірқатар ауданда күндіз температура +29+30°C-ға дейін шыжиды.
Үшінші онккүндікте күн райы ашылып, аптаға жуық ыстық сақталады деп болжануда. Анығы сол, осы уақытта температура +30°C-тан аса қоймады. Ресми ақпараттарға сенсек, бұл жаз кезіндегі ең жаңбырлы ай болмақ.