Облыстағы су айдындарында рейдтер әлі де жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО ТЖД қызметкерлері шомылу маусымы басталғалы су айдындарында қауіпсіздікті сақтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мәліметпен бөлісті. Қазіргі таңда департаментте 63 құтқарушы жасақшы оқытылып, 2100-ден астам профилактикалық рейд жүргізілген. Құтқарушылар демалушыларға шомылу үшін тек рұқсат етілген орындарға ғана бару қажеттігін ескертеді. Өйткені қайғылы оқиғалардың көбі тұрғындардың рұқсат етілмеген жерлерде шомылып, тексерілмеген орындарды таңдауынан болады.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлының сөзінше, шомылу маусымы басталғалы бері 3 адам суға кетті.
- Демалушыларға тек рұқсат етілген орындарға ғана барып демалу қажеттігін ескертеміз. Ал жазатайым оқиғалардың көбі айтылған ескертпелерге құлақ аспаудан болады. Қазіргі таңда біз қала аумағында және Бұқтырма» су қоймасында мобильді және жылжымалы бекеттерді қойдық. Біздің бөлімше қызметкерлері маусым басталғалы 18 адамды құтқарды, соның 4-еуі бала. Бұған қоса құтқарушыларымыз су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша балалар демалыс лагерьлеріне барып ауқымды жұмыстар атқарды, - деді ол.
Айта кетейік судағы қауіпсіздік шараларын бұзғаны үшін жыл басынан бері 1580 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ