Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері қызметкерлері биылғы шомылу маусымына қатысты ресми мәліметтерімен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осы жылы жергілікті атқарушы органдардың күш салуымен жаппай демалуға арналған 22 орын белгіленді. Аталған су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сай деп тек 8 жағажай анықталды. Олар Өскемендегі 2 коммуналдық жағажай, біреуі Риддерде және бесеуі Ұлан ауданында. Ал қалған Алтай, Катонқарағай, Самар, Ұлан аудандарына тиесілі 14 жағажай әлі толық жабдықталмаған. Сондай ақ облыс аумағында 74 нысанда суға түсуге тыйым салынды.
- Шомылу маусымында полиция департаменті өкілдері мен еріктілер бірлесіп, патрульдеу және рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Соңғы 5 жылда аталған су айдындарында болған оқиғаларды ескеріп, 200 тыйым салу және ескерту белгілері орнатылды, - деді ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының өкілдері.
Маусым басталғалы бері төтенше жағдайлар қызметкерлері суға батып бара жатқан 15 адамды құтқарды. Бір адам суға кетіп көз жұмды. Департамент басшылары тұрғындарға тыйым салынған жерлерде суға түспеуді, балаларға аса сақ болуды және мас күйде шомылмауды ескертеді.
- Құметті тұрғындар және облысқа келуші қонақтар, шомылу кезінде өте мұқият болып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар. Әсіресе, жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайды. Жақындарыңызды, балаларды қараусыз қалдырмаңыз, мас күйде шомылуға қатаң тыйым салынған. Ұайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жағада жатқан техникалық-құрылыс нысандарынан суға секірмеуді сұраймыз, - деді ШҚО ТЖД мамандары.
Суға шомылу кезінде төтенше жағдай туындай қалса бірден "112"нөміріне қоңырау шалыңыз.