ШҚО-да шомылу маусымында 22 адам суға батқан

349
көрілім

Облыс бойынша 2019 жылдан бері бірнеше өңірде ажал құшқан жандар саны арта түскен, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Тимур Дидахметов жеткізді. Айтуынша, демалушылар шомылуға рұқсат етілмеген жерлерге аяқ басып, өмірлерін қатерге тіккен.

– Шомылу маусымы алдында қала мен аудан көлемінде 19 отырыс өткіздік. Алайда жыл басталғалы 29, ал шомылу маусымында 22 адам өлім құшқан. Суға кеткен жандар көп жағдайда өзіне деген әсіре сенімділік, алкогольді жағдайда болып шомылғаннан қаза болуда. Қайғылы жағдай Семей қаласында, Алтай және Глубокое аудандарында жиі тіркелген, – дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қауіпсіздік деңгейін қадағалау мақсатында арнайы жоспар да бекітілген. Облыстық Полиция департаментімен бірлесіп, аймақ көлемінде осы уақытқа дейін 1500 профилактикалық рейдтер жүргізілді. Жазғы демалыс маусымы кезінде балалар лагерьлеріне бірнеше мәрте барып қайтқан. Оның ішінде 339 жасөспірім балаларға суға жүзу тәсілдері үйретіліп, сақтық шаралары жайлы ақыл-кеңестер берілді.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ