ШҚО-да сібір жарасын жұқтырған мал өлекселері ауыл іргесіне көмілген – Антикор

254
көрілім

Бұл туралы ақпаратты ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Денис Шакенов ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жыл басталғалы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бірнеше ауданда арнайы мониторинг жүргізді. Қатерлі індет жұқтырған малды белгіленген жерге көму кезінде бұзушылықтар анықталған.

– 101 учаскенің 95-нде талап сақталмады. Тұрғын үйлерге жақын жерге көмудің 19 жағдайы тіркелді. Нәтижесінде аталған жер аумақтарының түрлі себеппен жалға алынғандығы анықталды. Соның кейбірі мал өлекселерін көму үшін емес, ауыл шаруашылығы қажеттілігі бойынша берілген. Сібір жарасын жұқтырған малды ауылға жақын көму фактілерін реттеу мүмкін емес. Санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сәйкес, аталған ауру малды елдімекен шетіне көму қауіптілік жағынан «1-ші класқа» жатады. Санитарлық-қорғаныс аймағы кемі 1000 метрден жақын болмауы керек, – деді Департамент басшысы.

Осы ретте бірнеше ауданды мысал етті.

– Тарбағатай ауданында сібір жарасын жұқтырған мал өлекселері жер үйден небәрі 250 метр жерде көмілген. Күршім ауданында дәл осындай мал өлекселері көмілген жерден 600 метр қашықтықта мектеп орналасқан. Осындай жағдайлардың жиі қайталануы, оның ішінде дімкәс малды тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттардың маңына көму, түбі сібір жарасы инфекциясының таралуына әкеледі. Одан бөлек, Күршім ауданында қоршалған сегіз аумақ сібір жарасын жұқтырған мал өлекселерін көму талаптарымен сәйкеспейді. Ал Өскеменде осы мақсатта таңдалған жер учаскесі мүлде қоршалмаған, – деді Денис Шакенов.