Шығыс Қазақстан облысында соңғы бір аптада ауа райы қолайсыздығына байланысты 28 рет жол жабылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңірде соңғы жеті күн бойы қатты жел мен қарлы боран соғып тұр. Соның салдарынан облыстық және республикалық маңызы бар жолдар бір аптада 28 рет жабылған.
«Шығыс Қазақстанда қар көшкіні қаупі де сақталуда. «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының мамандары қауіпті учаскелерге бақылау жүргізіп жатыр. Сондай-ақ профилактикалық мақсатта көшкін түсіруде. Қыс мезгілінің басынан бері барлығы 29 рет жасанды жолмен қар көшкіні жүргізілген. Нәтижесінде 48 300 текше метр қар түсті», - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінен.
Өткен тәулікте құтқарушылар Шемонаиха ауданында жедел жәрдем көлігіне көмек көрсетті. Оның жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, көлік жыраға құлаған.
«Аймақта қатты жел, көктайғақ жалғасуда. Осы ретте, азаматтардан дауылды ескерту жарияланған кезде елді мекендерден алыс жолға шықпауды сұраймыз», - делінген ақпаратта