ШҚО-да соңғы бірнеше айда улы сары өрмекшілердің шағуынан бірнеше адам зардап шекті

716
көрілім
Соңғы бірнеше айда пайда болған улы сары өрмекшілер бірқатар өңір тұрғындарының бойларына қорқыныш ұялатуда. Улы жәндік облыс орталығының бір тұрғынын Ертіс жағасында шағып алса, Шемонаиха ауданының тұрғыны оны жатын төсегінен тауып алған. Шақырусыз «қонақ» шыны құтыға салынып талдауға жіберілді. Фитосанитария орталығының мамандары улы жәндік шақса не болатынын айтып берді.

Шілде айының ортасында облыс орталығының жас тұрғыны Ертіс жағасында сары түсті өрмекшінің шағып алғанын айтып «жедел жәрдем» қызметіне жүгінген.

Шағымданған азамат басы айналып, қан қысымының көтерілгенін айтқан, алайда екі күннен соң ауруынан құлан-таза айығып, үйіне қайтарылды, – деп хабарлады №1 қалалық аурухананың токсикология бөлімінің меңгерушісі Александр Мейстер.

Ал тамыз айында Шемонаиха ауданының тұрғыны осындай өрмекшілерді өз үйінен көріп, біреуін СЭС мамандарына жолдаған. Республикалық фитосанитария орталығының Шемонаиха аудандық бөлімшесіндегі мамандар аталмыш жәндіктің сак тұқымдас өрмекшілерге жататынын мақұлдады.

Аталған өрмекші уы адам үшін тым қауіпті емес, – дейді энтомолог маман Гүлсім Садықова. – Жәндіктің шаққаны қатты сезіліп, басы ауырып, қан қысымы көтеріледі. Бұл жәндіктің белсенділігі биылғы жылғы ыстық ауа райына да қатысты болуы мүмкін. Жәндіктің бұл түрі біздің өңірде өте сирек кездеседі. Ол оңтүстіктен тасымалданатын жеміс-жидектермен бірге келуі ықтимал. Онымен күресу үшін «дихлофосты» қолданған дұрыс. Үйдің әр бұрышын химиялық затпен өңдеу қажет.

Біздің анықтама

Сары сак тұқымдас өрмекшілер Жер шарының барлық құрлықтарын мекендейді. Ал Қазақстанның көбінде оңтүстік өңірлерінде кездеседі. Дене тұрқы шамамен бір сантиметрден аспайды. Ұясын өте қатты қорғап, жақындаған жан иесіне «мінезін көрсетеді». Ұясын тастардың немесе құбырлардың арасына салады. Тамағын тауып жеу үшін түнгі қараңғылықты пайдаланып өзге жәндіктерді аулайды. Улы сары өрмекшіден қорғану үшін үйдің бұрыш-бұрышын хлорофоспен күнделікті сүртіп отырған дұрыс.

 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ