Аймақ егістіктерінде күнбағыс пен бидайдан бөлек жаңа дақыл – соя өсірілуде. Жер-жаһанда ерекше сұранысқа ие бұл дақыл өңірімізде жоғары қарқынмен өсуде. Нарықты зерттеген ауыл тұрғындары қазірдің өзінде осы бағытқа ден қойған. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, бірінші кезекте соя егіс айналымына жақсы. Топыраққа азотты сіңірген соң жер жұмсарып, соя 1 тоннаға дейін қосымша өнім береді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Басты мақсат – Қытайға экспорттау
Аймақ басшысы Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде соя мен жүгеріні Қытайға экспорттау керектігін айтқан еді.
– Өңірімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басты бағыты – өсімдік шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару. Бұл бірінші кезекте соя мен жүгеріге қатысты. 2024 жылға қарай оның егіс алқабы 4,2 есе өсіп, экспорт көлемі 1,5 мыңнан 15 мың тоннаға дейін, яғни 10 есе артады, – деді облыс әкімі.
Бүгінде соя өндірісі бойынша көшбасшы ел – АҚШ. Америка жыл сайын 120 миллион тоннадан астам соя өндіреді. Екінші орында Бразилия – 117 млн тонна, әлемдік нарықтағы үздік үштікті Аргентина түйіндеп тұр, онда жылына – 39 млн тонна алынады. Жер бетінде сояны ең ірі сатып алушы ел – Қытай. Сояның Қытайға импорты 80 млн тоннадан асады. Енді аспанасты елі америкалық сояға тапсырысты тоқтатып, басқа елдерден, соның ішінде Қазақстаннан сатып алуға ниет білдіргенде біздің шаруагерлер үшін аталмыш дақыл экономикалық жағынан да тиімді болғаны рас.
– Егіс айналымы кезінде де бұл керемет дақыл. Қазірде сояның 1 тоннасы әлемдік нарықта құрамындағы ақуызға байланысты 400-350 долларға бағалануда. Салыстырар болсақ, сояның құны бидайға қарағанда кемінде 2 жарым есеге қымбатырақ. Ал қытайлық тұтынушылар Солтүстік Америкадан келетін соя өнімдерін әртараптандыру арқылы жақын орналасқан мемлекеттермен келісімге келіп өздерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отыр, – дейді «Тәжірибелік майлы дақылдар шаруашылығы» ЖШС директоры Фарид Абитаев.
Сояға сұраныс артқан
Қазірде әлемде сояға деген сұраныс артқан. Сояны өңдейтін компаниялар саны өсуде, биотехнология қарқынды дамуда. Келешекте Шығыс Қазақстан бұршақ тұқымдас дақылдардың негізгі экспорттаушыларының біріне айналуы мүмкін. Біріншіден, бұған киелі Алтай өңірінде климаттық жағдайлар қолайлы. Өсімдік ылғалдың қажетті мөлшерін алады, ал аспан бұлтсыз болғанда күн сәулесі сояның жетілуіне мүмкіндік береді. Вегетациялық кезең 110-115 күнді құрайды.
Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты сояның жаңа «Бірлік» атты сортын ойлап тапқан. Жылдам өсетін ол ауа-райына да бейімделіп, өнімділігі әр гектардан 30 центнерден асады. «Баян» және «Шығыс сұлуы» атты тағы екі жаңа түрі мемлекеттік сорт сынау инспекциясында сынақтан өткізілуде. Олардың өнімділігі фермерлерді әр гектарынан 40 центнерге дейін қуантпақ.
– Бұл дақылды 2 жыл бойы тәжірибелік жер учаскелерінен алып келеміз. Сондай-ақ біз вегетациялық маусымды бұзбай, бағдарламада белгіленген өнім мөлшерін сақтадық. Осыны соя өндірудегі алғашқы қадамдарымыз деуге болады. Әрине, жаңа дақылдың қыр-сырын білуге біршама уақыт кететіндігі түсінікті. Қолжетімді баға мен оған деген сұраныстың жоғарылығы жергілікті шаруагерлерді қызықтырады деген сенімдемін. Қазірдің өзінде облыс әкімі біздің шаруашылыққа келіп кеткеннен кейін сұраныс артқан. Сондықтан міндетіміз – алдағы жылдары өндірісті ұлғайту болып отыр, – дейді институт директоры Александр Томашенко.
Ең маңыздысы – сапа
Айта кету керек, аймақтың селекционерлері соя сорттарының ультра ерте және ерте пісетін сорттарын құруда үлкен жетістіктерге жетті. Шығыс Қазақстанда майлы дақылдарды өндіретін шаруагерлер республика фермерлеріне соя сорттарын беруге дайын, олар еліміздің солтүстік аймақтарында да жоғары және тұрақты өнім береді. Өсу уақыты піскенге дейін 90 күнді құрайды. Мол өнім ауруларға төзімді келеді. Мұның бәрі соя тұқымына деген сұранысты арттыратыны сөзсіз. Оның үстіне бағасы шетелдегілерден 3-4 есеге арзан. Енді тек ауыл тұрғындарына тұқым алу үшін субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау керек.
– Бізге тұқым алу үшін субсидия қажет. Бұл Қазақстандағы соя нарығын дамытудың ең оңтайлы жолы болар еді. Өз жерімізде сапасы жоғары соя өсіре алатынымызға сенімім кәміл. Шаруагерлерді толғандыратыны – өңдеу жұмыстарының қымбатқа түсетіндігі. Дақыл алу үшін соя тұқымын себер алдында бактериялармен қосымша өңдеуден өткізу керек. Біз осының барлығын өзіміз жасай аламыз. Ал егер мемлекет тарапынан қолдау болса, тұқым сатылымы одан да қарқынды болар еді, – дейді Фарид Абитаев.
Жыл сайын әлемде өсімдіктен жасалған тамақ өнімдерін тұтынатын адамдар саны артуда. Мұнда соя жетекші орынға ие. Оның құрамындағы өсімдік ақуызы 40-41%-ды құрайды, ал сапасы жағынан бұл тауық жұмыртқасы, ет және сүт ақуызына пара-пар келеді. Міне әлем халықтарының жаппай сояға құмартатынына да осы бірден бір себеп болып отыр. Бұдан бөлек, сояда кездесетін амин қышқылдары дене жасушаларының, дәрумендердің, микро және макроэлементтердің жаңаруына әсер етеді. Ең маңыздысы, сапа - қазақстандық соя шетелдікі сияқты генетикалық түрлендірілген өнім емес. Ал экологиялық таза табиғи сояның әлемдік нарықта ерекше бағаланатыны айтпаса да түсінікті.
Шаруагерлер үшін семинар өткізілуде
ШҚО Ауылшаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы, егіншілік және меморандум бөлімінің басшысы Әділет Төлеутаевтың айтуынша, 2016 жылы соя өсіруге қатысты бесжылдық жоспар әзірленген. Сол жылы бұл дақыл 4,3 мың гектарға егіліпті.
– Облыстың 9 ауданында егілетін сояның биылғы алқабы 6600 гектарды құрады. Оның ішінде алдыңғы қатардағы Үржар ауданы – 1800, Глубокое ауданы – 1600, Бородулиха ауданы – 875 гектар. Өнімге қатысты айтар болсақ, 2016 жылы 3,6 мың тонна, былтыр 6 мың тонна өнім жиналған. Яғни өсім бар. Жалпы өңірімізде соя өсіру жолға қойылып келеді. Қазіргі уақытта соя дақылы жергілікті құс фабрикалары мен Алматы облысындағы зауыттарға өткізілуде. Бұдан бөлек, экспорт та жоқ емес. 2018 жылы Өзбекстанға 1,5 мың тонна соя жіберілген. Енді Қытайға экспорттау үшін тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді ол.
Бөлім басшысының айтуынша, өткен жылы шаруагерлер арасында соя мен жүгері өсіру жөнінен бірқатар семинарлар ұйымдастырылған. Оған Ресейден және еліміздің түкпір-түкпірінен ауыл шаруашылығы мамандары мен ғалымдар шақырылды.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ