Бүгінгі таңда облыс бойынша Күршім, Алтай және Глубокое аудандарында қар мол жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл туралы ШҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар су тасқынының алдын алу шараларын жүргізуде. Барлығы 204 мың текше метр қар шығарылып, 258 арық, 1259 су өткізу құрылысы мен 228 көпір тазартылды», — дейді ШҚО әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Еркен Сәрсембинов.
Алтай ауданындағы Бұқтырма өзенінде, Күршім ауданындағы Күршім өзенінде, Шемонаиха ауданындағы Үбе өзенінде, Глубокое ауданы мен Риддер қаласында мұзды ұсақтау үшін жарылыс жасалды.
Жағдай қиындап кетсе жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері арасынан 2334 адам, 735 техника, 61 жүзу құралы мен 223 мотопомпа сақадай сай тұр.
Су тасқыны салдарын жою және халықты эвакуациялау үшін ТЖД-да өтімділігі жоғары 26 техника бар.
«Алтай және Күршім ауданында су тасқынына қарсы жұмыстарға мониторинг жүргізу және қажет кезде көмек көрсету үшін Семейден 68303 әскери бөлімінің қызметшілері жіберілді. Қазіргі уақытта олар жергілікті атқарушы органдарға арықтар мен каналдарды тазартуға көмектесуде. Бүгінгі таңда Алтай ауданында 4 су өткізу құбыры, 60 метр арық, ал Күршім ауданында 250 метр арық тазартылды», — дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дина Бексұлтанова.
Өңір бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері су тасқыны болған жағдайда халықты уақытша орналастыратын 153 пункт әзірледі.
Оған жалпы 17 мыңнан астам адам сыяды.