ШҚО-да су тасқынының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

176
көрілім
Фото - tirshilik-tynysy.kz сайтынан

Шығыс Қазақстан облысында түрлі төтенше жағдайларда 17 мыңнан астам адамды уақытша орналастыратын пункттер әзірленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Өскемендегі Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жайлы сөз етілді. ШҚО Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың айтуынша, облыстық маңызы бар тасжолдарда 1634 су өткізу құбыры мен 90 көпір бар.

«Су тасқынын болдырмау үшін тасжолдардағы су өткізу құбырларын мұздан тазарту жұмыстары күнделікті жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Үлкен-Нарын-Күршім», «Өскемен-Тарғын-Самар», «Васильевка-Бозанбай», «Алғабас-Тарғын», «Октябрь өткелі-Алтайка-Ново-Хайрузовка», «Алтайка-Чапаево» «Күршім-Қалжыр-Бурабай-Маралиха» жолдары. Су өткізгіш құбырлардағы мұзға қарсы қолданылатын 30 тонна техникалық тұз сатып алынды», - деді ол.

Құтқарушылардың су тасқынына дайындығы туралы ШҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дина Бексұлтанова айтып берді.

«1 ақпаннан бастап облыс әкімінің өкімімен жоғары дайындық режимі жарияланды. Жағдай қиындап кетсе жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтері құралымдарынан 2 334 адам, 735 техника, 50 жүзу құралы мен 223 мотопомпа жұмылдырылады. Су тасқыны салдарын жою және халықты эвакуациялау үшін департаментте 26 өтімділігі жоғары техника бар», - дейді Д.Бексұлтанова.

Өңір бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен төтенше жағдай кезінде 17 мыңнан астам адамды уақытша орналастыруға болатын 153 пункт әзірленді.