Ресми ақпаратқа сенсек, көктем мерзімінде балық шаруашылығы су айдындарына 25,4 млн. дана сиг балығының шабақтары жіберілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мамандар мұның барлығы балық популяциясын сақтау мақсатында әр жылы қолға алынатынын айтты. Соңғы 5 жылда балық жіберу көлемі 7 есеге ұлғайған. Нқты айтсақ, 10,5 млн. данадан (2019 жылы) 77,3 млн.данаға дейін (2023 жылы).
- 2024 жылдың көктем айларында балық шаруашылығы су айдындарына 25,4 млн. дана сиг балығының шабақтары жіберілді. Сонымен қатар, осы жылдың 14-ші маусымында "Ост фиш" ЖШС 500 дана бір жылдық Сібір бекіресі шабақтарын Қара Ертіс өзеніне тегін жіберді, - деді Ертіс-Зайсан облысаралық бассейндік балық инспекциясы мекемесі басшылығындағылар.
Су айдындарына негізінен сазан, тұқы, ақ амур және сиг түрлері (пелядь, рипус) сияқты құнды балық тұқымдары жіберілді. Балықтандыру күз мезгілінде жалғастырылады.