Бұрын аймақ осы жағынан көшбасшы саналатын. Қазір біртіндеп қатарынан қалып барады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Atameken Business өкілдері фермерлермен әңгімелесіп, қолда бар деректерімен бөлісті. Соған сүйенсек, ауыл тұрғындары сүт бағасының жиі төмендеп кететіндігіне қапалы. Таңертең сауған сүтін апарып өткізе қояйын десе, орындар тым төмен баға ұсынады. Пайдасын былай қойғанда, шығындалып жатқандары да бар екен. Осыларды ескерсек, ел көлемінде бірінші орында тұрған Шығыс Қазақстан облысы қазір сырғып, бесінші орынға түсті.
- Былтыр ғана сүттің литрін 165 теңгеден өткізген едік, осы жылы 150 теңгеге түсті. Былай көп те емес сияқты, бірақ біз үшін әсері сезіледі. Ауылда басқа жолмен нәпақа табу қиын, - деді Бозанбай ауылының тұрғыны Гүлзия Смағұлова.
Тығырықтан шығар жол көп емес. Соның бірі - сүтті ірімшік етіп, қалаға апарып сату керек. Бірақ Өскеменге жетудің өзі бір мәселе. Көлігін жалдап, уақытын бекітіп, әзірлік жүргізу қажет. Оған қоса, аптап ыстық тауарды қаз-қалпы әкелуге мүмкіндік бермейді.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы өкілдері сүт сапасы төмен екендігін айтып жатыр. Сөздерінше, әкелетін көлем аз, әрі майлылығы бұрынғыдай емес. Осының бәрін саралап, сүт қабылдайтын орындарды жабу деген ұсыныс өкінішке қарай, қолдау тауып жатыр.
- Күршім ауданында осындай пункттердің бірі жабылды. Себебі сол, тапсырылатын сүт көлемі аз, әрі сапа жағынан кемшін тұсы бар. Көп жағдайда оның майлылығы ескеріледі, - деді ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова.
Ресми мәліметтерге сенсек, облыста осы бойынша жағдай күрделенсе, Ресейде керісінше, соңғы бес жылда импортталып жатқан шикі және құрғақ сүттің мөлшері алты есеге артты.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден шикі және құрғақ сүт сатып алатын қайта өңдеушілерге субсидия бөлмеу туралы шешімге келді. Кімде-кім отандық өнімге басымдық берсе, сол қолдауға ие болмақ.