ШҚО-да келісімшарт бойынша сүтті тек халықтан ғана сатып алуға міндеттелген сүт өңдеуші кәсіпорындардың көбісі бекітілген талапты орындамай отыр. 18 кәсіпорынның тек үшеуі ғана талапқа сай жұмыс істеуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Халықтан сүт жинау – ауыл тұрғындарының пайда табуына қосымша мүмкіндік. Сол себепті де облыстың түкпір-түкпірінен сүт қабылдау пунктері салынған болатын. Осы ретте, әкімдік пен сүт өңдеуші кәсіпорындар арасында келісімшарт жасалған еді. Сол келісімшарт бойынша сүт өңдеуші кәсіпорындарға мемлекеттік тапсырыс беріліп, олар сүтті тек қана сүт қабылдау пунктерінен сатып алуға міндеттелді. Айта кету керек, биылғы жылы бір миллиард теңгеден астам өнімдерді жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойылған.
Жақында аймақ басшысы Даниал Ахметов мемлекеттік тапсырыс шарттарының қалай орындалып жатқандығын тексеруді тапсырды. Тексеріс барысында сүт қабылдау пунктерінің бекітілген мөлшердің 70%-ын ғана орындап жатқандығы анықталды. 18 сүт өңдеуші кәсіпорынның тек үшеуі барлық талаптарға сәйкес жұмыс істеуде. 4 кәсіпорын сүтті халықтан мүлдем сатып алмаса, қалғандары келісімшартты жартылай ғана орындаған. Сол үшін облыс әкімі Даниал Ахметов қалған қаражатты талапқа сай жұмыс істеп жатқан сүт өңдеуші кәсіпорындарға ғана үлестіруге тапсырды.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ