Кітап көрмесінің ашылу салтанатына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің маманы Мейіргүл Сахариева, «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, Халифа Алтай атындағы мешіттің найб имамы және ШҚО ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Арайлым Есімбекова қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шара қонақтарының айтуынша, болашақ бұлыңғыр болмауы үшін жемқорлықтың түп тамырына балта шабу бүгінгі таңдағы басты міндет. Бұл орайда, келешек иелері – жастарды жемқорлыққа қарсы тәрбиелеп, санасына салауатты селкеу түсіру бүгінгі өзекті мәселелердің бірегейі.
– Идеологияның, соның ішінде әдебиет пен мәдениеттің де атқарар маңызы айрықша. Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханасындағы «Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін дерт...» атты кітап көрмесінің алға қойған мақсаты жас ұрпақты көркем әдебиеттегі сыбайлас жемқорлық туралы шығармалармен таныстыра отырып, адал өмір сүруге, әділ қаракет жасауға, жемқорлыққа төзбейтіндей мінезде болуға баулу, – дейді қоғам белсенділері.
Шара меймандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы не істеу қажет, осы орайда жас буынмен қалай жұмыс істеу керек және т.б көкейтесті мәселелер туралы өзекті ой-пікірлерін ортаға салды.
Кітап көрмесінде оқырмандар тағылымдық тұрғыдағы көркем шығармалармен таныса алады. Атап айтқанда: ұрпағын «адал адам болуға» үндеген ұлы Абайдың асыл мұрасы; Шығыстың ғұлама ғалымы Әл - Фарабидің әділ билеуші туралы «Қайырымды қала» трактаты; Оралхан Бөкейдің адамдық пен адалдықты дәріптеген «Бес тиын», «Атау кере» шығармалары; Дүкенбай Досжанның «Ар соты», «Метамарфоза» әңгімелері; Дидахмет Әшімханұлының «Жолдас генерал!»; Қабдеш Жұмаділовтің «Пирамида», «Ақтұманның ханшайымы» туындылары; Нұртан Төлепбергенұлының «Жемқорлықтың жеткен жері» кітабы және басқа да көптеген тағлымды шығармалар.
Сонымен бірге арнайы жасалған кітап үлгілерінің парақтарына поэтикалық және прозалық шығармалардағы қызмет бабын теріс пайдалану, парақорлық, бюджет қаражатын ұрлау және т. б. жемқорлық туралы қазақ және орыс тілдерінде үзінділерді оқи аласыздар. Сыбайластық туралы ой-пікірлерді тобықтай түйіндеген мақал-мәтелдер де көпшілік назарына ой салары күмәнсіз.